Астаналық оқушылар Швейцария елшісімен су үнемдеу мәселесін талқылады

Астаналық оқушылар Швейцария елшісімен су үнемдеу мәселесін талқылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астанадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Кристина Хонеггер мен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің қатысуымен экологиялық сағат өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Су ізі: әр адамның жауапты таңдауы» тақырыбындағы кездесуде оқушыларға суды үнемдеу, табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.

Швейцария елшісі Кристина Хонеггер суды жауапты тұтыну және экологиялық мәдениет туралы баяндама жасады. Оқушылар елші мен вице-министрге су үнемдеу, экологиялық білім беру және табиғатты қорғау бастамаларына қатысу жөнінде сұрақтар қойды.

Қонақтар мектеп жылыжайын аралап, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының бастамаларымен және су ресурстарын қорғауға арналған шығармашылық жұмыстарымен танысты.

«Су ресурстарын сақтау – мемлекет, қоғам және әрбір азамат үшін ортақ міндет. Суға ұқыпты қарау мәдениетін мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру маңызды. Мұндай кездесулер балалар мен жастарды экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға тартуға ықпал етеді», – деді вице-министр Жандос Сәлімов.

Іс-шара Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Суды үнемде – болашақты сақта!» бастамасы мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Министрліктің мәліметінше, «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы басталғалы оған еліміз бойынша 3,3 миллионнан астам мектеп оқушысы мен 35 мың студент қатысқан.

Бұған дейін Астанада цифрлық технологияны дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланғаны хабарланған еді.