Қыс мезгілінде Астанада тұрғындардың белсенді демалуына мүмкіндік артады. Қала аудандарында мұз айдындары ашылып, сырғанақтар мен түрлі қысқы ойын-сауық орындары жұмыс істейді. Қыс мезгілінде Астана тұрғындары мен қонақтары үшін белсенді демалатын орындар көбейеді. Елорда аудандарында мұз айдындары ашылып, сырғанақтар мен түрлі қысқы ойын-сауық алаңдары жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қыста серуендеп, демалуға болатын орындардың бірі – Есіл өзенінің жағалауы. Сондай-ақ «Сарыарқа» ауданында, соның ішінде Оқушылар сарайының маңында мұз айдындары ашылады. Бұдан бөлек, ауданда 13 мұз сырғанағы салынады. Қысқы демалыс орындары «Көктал» саябағында, «Оқжетпес» гүлзарында және басқа да қоғамдық орындарда ұйымдастырылады.
Елордадағы ең ерекше қысқы орындардың бірі – «Есіл» ауданында, Abu Dhabi Plaza кешенінің маңында ашылатын Astana Winter Park. Бұл – ұзындығы 1,4 шақырым болатын ауқымды мұз айдыны.
Мұз жабынының жалпы ауданы шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды. Әдеттегі мұз айдындарынан ерекшелігі – мұнда шеңбер бойымен сырғанап қана қоймай, ұзын мұз жолымен серуендеуге болады.
Келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін жылы павильондар, коньки жалға беру орындары, отбасылық демалыс аймақтары мен сәндік жарықтандыру қарастырылған. Мұзды арнайы жүйе арқылы салқындатып отырудың арқасында күн жылы кезде де мұз айдыны жұмыс істей алады.
«Сарайшық» ауданындағы қысқы демалыс орындарының бірі – «Қазақ елі» алаңы. Мұнда мұз айдынын ашу жоспарланып отыр. Тағы екі мұз айдыны Жүргенов көшесінде және Президенттік саябақта ашылады.
Елордадағы тағы бір қызықты қысқы демалыс орны – «Алматы» ауданындағы Triathlon Ice Park. Триатлон саябағында ауданы 1 200 шаршы метр болатын заманауи мұз айдыны салынып жатыр. Мұнда Астана тұрғындары мен қонақтары күн салыстырмалы түрде жылы болған кезде де белсенді демала алады.
Арнайы тоңазытқыш жабдықтары мен мұзды сақтау технологиясының көмегімен алаң ауа температурасы сәл жылынған кезде де жұмысын жалғастыра алады.
Келушілерге коньки жалға беру қызметі, жылынып демалатын орын, ыстық сусындар мен тамақтану орындары қарастырылған. Ал сәндік жарықтар мұз айдынына ерекше көрік беріп, кешкі серуен мен отбасылық демалысқа қолайлы жағдай жасайды.
«Алматы» ауданында да қысқы демалыс орындары ашылады. Атап айтқанда, «Құмыра» аумағында, «Жерұйық» және «Жастар» саябақтарында арнайы алаңдар ашу жоспарланған.
«Байқоңыр» ауданында «Ататүрік» саябағы мен «Жастар» сарайының маңында мұз айдындары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Өндіріс, Кірпішті, Қазқалашық тұрғын алаптарында және Қоянды саяжай алабында да сырғанақтар орнатылады. Барлығы тоғыз орын қамтылмақ.
Қысқы демалысқа арналған тағы бір орын «Нұра» ауданында ашылады. Мұз айдынын «Астана Арена» стадионының маңында жабдықтау көзделген.
Қазір елордадағы қоғамдық кеңістіктерді қысқы маусымға дайындау жұмысы жүріп жатыр. Аталған мұз айдындары мен сырғанақтар – биыл Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ашылатын қысқы демалыс орындарының бір бөлігі ғана. Қазір қаланың өзге аудандарында да осындай алаңдарды дайындау жұмысы жүріп жатыр.
Табиғи мұз құю жұмысы күн салқындағаннан кейін басталады. Қосымша демалыс орындары мен олардың қашан ашылатыны туралы ақпарат дайындық жұмысы аяқталған сайын жарияланып отырады.
Осылайша, биыл қысқы демалыс тек қаланың орталық бөлігінде ғана емес, тұрғын алаптарда да ұйымдастырылады. Бұл тұрғындарға алысқа бармай-ақ, үйінің маңында таза ауада серуендеп, белсенді демалуға мүмкіндік береді.