Елордада жылу қуаты үшін төлем қалай есептеледі

Елордада жылу қуаты үшін төлем қалай есептеледі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Астана-Теплотранзит» АҚ елорда тұрғындарына жылу қуаты үшін төлемнің қалай қалыптасатынын түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жылыту маусымында тұрғындарды қызықтыратын маңызды мәселенің бірі – жылу қуаты үшін төлемді есептеу тәртібі. Осыған байланысты «Астана-Теплотранзит» компаниясы «Түсінікті түбіртек» ақпараттық айдары аясында жылыту үшін төлемнің қалай есептелетінін, жалпыүйлік жылу есептегішінің қандай рөл атқаратынын және төлем сомасына қандай факторлар әсер ететінін түсіндірді.

Жалпыүйлік жылу есептегіші болған жағдайда

Егер көппәтерлі тұрғын үйде жалпыүйлік жылу есептегіші орнатылып, жарамды күйде жұмыс істеп тұрса, есептеу аспабы тіркеген жылу энергиясының көлемі негізге алынады.

Тұтынылған жылу энергиясы пәтерлер арасында олардың ауданына пропорционалды түрде бөлінеді. Осылайша, есептеу нақты тіркелген жылу энергиясының көлеміне негізделеді.

Жалпыүйлік жылу есептегіші болмаған немесе жұмыс істемеген жағдайда

Егер тұрғын үйде жалпыүйлік жылу есептегіші болмаса, жұмыс істемесе немесе салыстырып тексеру мерзімі өтіп кетсе, төлем сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып, бекітілген тұтыну нормасы бойынша есептеледі.

Жылыту үшін төлем мөлшеріне не әсер етеді?

Жылыту үшін төлем сомасы тұтынылған жылу энергиясының көлеміне, қолданыстағы тарифке және есептеу тәртібіне байланысты қалыптасады. Жылу энергиясымен жабдықтау тарифтерін Қазақстан заңнамасына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.

Есептелген төлемді қайдан көруге болады?

Тұрғындар жылыту және ыстық сумен жабдықтау қызметтері үшін есептелген сомаларды бірыңғай төлем құжатынан көре алады. Төлем құжатында бұл қызметтер бойынша есептелген сомалар жеке жолдарда көрсетіледі.

Неліктен бұл маңызды?

Жылу энергиясы үшін төлемнің есептелу тәртібін түсіну тұрғындарға тұтынуды бақылауға, түбіртектегі ақпаратты дұрыс қабылдауға және төлемге қатысты түсінбеушіліктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қосымша ақпаратты мына нөмірден алуға болады: +7 (7172) 91-88-88