Астанада кураш күресінен өткен XV әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында әлемнің 70-тен астам елінен келген 500-ге жуық спортшы бақ сынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Байрақты бәсекеде отандастарымыз 3 алтын, 6 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бірінші орынды Өзбекстан құрамасы иеленсе, үздік үштікті Тәжікстан спортшылары түйіндеді.
Кураш күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғұмар Қырғызбаев жарыс қорытындысына көңілі толатынын жеткізді.
«Біз ұлдардан бір алтын, қыздардан бір алтын медаль аламыз деп жоспарлаған едік. Алайда нәтиже біз күткеннен де жоғары болды. Қыздарымыз екі алтын медаль жеңіп алды. Бұған өте қуаныштымыз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Енді алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бірден бастаймыз», – деді бас бапкер Ғұмар Даниярұлы.
Ерлер арасында 60 келі салмақ дәрежесінде Миразат Айбатыр жеңіс тұғырынан көрінсе, қыздарымыз Назерке Тілеуханова (87 кг) мен Альбина Бахиевалар (+87 кг) Әнұранымызды асқақтатты.
«Кураш күресі Азия ойындарының бағдарламасына енгендіктен, бұл спорт түрінде белгілі бір жүйе қалыптасқан. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әлем чемпионатына қатысқан спортшылардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Олардың арасында Азия және әлем чемпиондары да бар. Дегенмен біз намысты қолдан бермеуге тырыстық. Өз елімізде өткендіктен, жауапкершілік те жоғары болды. Бар күшімізді салып, елімізге алтын жүлде сыйлағанымызға қуаныштымын», – деді жарыс жеңімпазы Айбатыр Миразат.
Күміс жүлдегерлер қатарында Асылжан Орынбасарова (70 кг), Әділет Ахметғали (81 кг), Ақбота Қыдырали (78 кг), Темірлан Сағындықов (73 кг), Зарина Сарипова (63 кг) және Ғалымжан Қырықбаев (+120 кг) бар.

Ал Данил Федоров (100 кг) пен Бейбарыс Нұғманов (90 кг) қола медаль иеленді.
Айта кетейік, кураш күресінен XV әлем чемпионатының бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ. Дүбірлі дода ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Sport Qory спортты қолдау қорының және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Бұған дейін Астанада конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасында ел чемпиондары анықталғанын жаздық.

