Бокстан 30 қазан – 6 қараша күндері аралығында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жаңа есімдердің бірі – Жетісу облысының тумасы Әділбек Қожахан болғаны сөзсіз. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі спортшымен сұхбаттасып, ел додасы жайлы ойын білді.
- Әділбек, бірінші Қазақстан чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! Өзіңіз дәл осылай сенсациялық түрде топ жарамын деп күттіңіз бе?
- Көп рақмет! Иә, өзіме сенімді болып келдім. Ең бастысы, қарсыластарымның атағынан сескенбей, психологиялық жағынан дайын болдым. Жеке бапкерімнің қолдауымен, ақыл-кеңесінің арқасында жеңістің ең биік сатысына көтеріліп жатырмын.
- Чемпионат барысында осы салмақтың басты фавориттері саналған Асылжан Серікбай, Талғат Сырымбетов, Оразбек Асылқұлов және Бибарыс Жексенді 5:0 есебімен және жасөспірім мен жастар арасында Азия чемпионы Алдияр Баһадүрді 4:1 есебімен жеңдіңіз. Осы бес жекпе-жектің қайсысы сіз үшін ерекше болды? Танымал қарсыластарыңызбен айқастан кейін тілдестіңіз бе?
- Барлық жекпе-жек ерекше өтті. Мысалы, 1/8 және ширек финалда Асылжан Серікбай мен Талғат Сырымбетовпен екінші нөмірде бокстасып, жеңіл және көп соққыларды дарыту тапсырылды. Ал жартылай финалда әлем чемпионы Оразбек Асылқұловпен жұдырықтасқанда, бірінші шабуылдамай және артқа шегінбей, оның соққыларын бір орында күтіп алу керек еді. Финалда да Бибарыс Жексеннің соққыларын күтіп, қарымта шабуылдармен жауап қайтардым. Барлық айқас оңай болмады. 5 жекпе-жекті де бөліп-жармаймын.
Қарсыластарымның арасынан Алдияр Баһадүр бауырымызбен Instagram арқылы сөйлесіп, маған сәттілік тіледі және ақтық жекпе-жектен кейін Бибарыс ағамызбен де сөйлесіп, алғысымды білдірдім.
- Сіз чемпионат барысында атақты қарсыластарыңызды жеңіп қана қоймай, көрермендерге жарқын шоу да көрсеттіңіз. Көпшілік сіздің бокс мәнеріңізді Төрехан Сабырханға ұқсатып жатты. Өзіңіз қай боксшыны үлгі тұтасыз?
- Мен үшін үлгі тұтатын боксшы - Абылайхан Жүсіпов ағамыз. Ол кісінің өзін-өзі ұстауы, сауаттылығы, білімі мені қатты қызықтырады.
- Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатысып жатырсыз. Ал жалпы 2026 жылы ересектер арасында өзге де бәсекелерде өнер көрсеттіңіз бе?
- 2026 жылы сәуір айында Атырауда Болат Теміровті еске алуға арналған U23 санатындағы турнирге қатыстым. Бұл жарыстың ерекшелігі – жеңімпаздар Жакартада өткен U23 Азия чемпионатында ел намысын қорғауға мүмкіндік беріледі. Мен 55 келіде 4 жекпе-жекте жеңіске жетіп, өкінішке қарай, финалда жастар арасында әлем чемпионы Бексұлтан Боранбекке жол бердім. Одан кейін мамыр айында Сербияда ұйымдастырылған Belgrade Winner жарысының екінші айналымында 55 келідегі басты фавориттің бірі саналатын Максим Зименкоға (Украина) есе жібердім.
Ал жасөспірімдер арасында 2024 жылы Астанада және 2025 жылы Бангкокте өткен U19 санатындағы Азия чемпионатында өнер көрсеттім.
- Бұған дейін 55 келіде өнер көрсетіп жүрдіңіз. 60 келіге көтерілуіңізге не себеп болды? Осы жарыста алғаш рет 60 келіде өнер көрсеттіңіз бе?
- Уақыт өткен сайын салмағым артып жатыр. Сондықтан ел чемпионатында алғаш рет 60 келіде жұдырықтастым.
- Ересектер сапына ауысқаныңызға көп болмаса да, біршама мықтымен жұдырықтасып үлгердіңіз. Сіз үшін дәл қазіргі сәтте қай жекпе-жек ерекше әсерін берді?
- 2024 жылы Ресейдің Чита қаласында жастар арасында өткен «Даурия Еуразиялық кубогында» қазір әлем чемпионатының финалисі, Еуропа чемпионы саналатын Вячеслав Рогозинмен айқас өткізген едім. Сол жекпе-жек менің пайдама шешілмесе де, спорттағы мансабымда алғаш рет жоғарғы деңгейдегі боксшымен кездесіп, үлкен тәжірибе алдым.
- Өзіңіз қай жердің тумасысыз?
- Талдықорған қаласының тумасымын. 17 жасыма дейін сол жақта жаттықтым. Одан кейін Алматыда Республикалық спорт колледжіне түстім.
- Жалпы боксқа қалай келдіңіз? Алғаш рет бокс залына барған сәтіңіз есіңізде ме? Бұл спортты таңдауыңызға кім ықпал етті?
- Боксқа келуге ықпалын тигізген туған ағам еді. Ағама қарап боксқа қатты қызығатынмын. Сөйтіп 10 жасымда осы спортқа келген болатынмын.
- Сұхбатыңыға рақмет!