Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан тұңғыш әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болған астаналық спортшылар елге оралды. Оларды елорданың халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Әлем біріншілігінде елордалық садақшылар үш алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді әуежайда спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, жанкүйерлер және жақындары қарсы алды.
Жарыста Қанат Қасымхан ерекше көзге түсті. Ол командалық сайыста 30 метр қашықтықтағы «Жамбы», 70 метрдегі «Пута» нысаналарына және 90 метр қашықтыққа садақ атудан үш алтын медаль иеленді.
Ал Қанат Абылайхан командалық жарыста 70 метр қашықтықта күміс, 30 метрде қола жүлдеге қол жеткізді.
Айкөркем Батихан да жоғары нәтиже көрсетті. Ол жекелей сында 30 метр қашықтықтағы «Жамбы» нысанасына садақ атудан әлем чемпионы атанып, 70 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.
Дәстүрлі садақ атудан тұңғыш әлем чемпионатына 38 елден 700-ге жуық спортшы қатысты.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы әрі Астана қаласының дәстүрлі садақ атудан аға жаттықтырушысы Диас Ахметов жарыстың тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық спортшылар түрлі қашықтықтағы сайыстарда жоғары дайындық деңгейін көрсеткен.
Үш дүркін чемпион Қанат Қасымхан жеңіске жетуде командалық бірлік пен өзара қолдаудың маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
«Бұл – мен үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Бізді әуежайда осылай жылы қарсы алған барша жанға алғыс айтамын. Алда әлі талай жеңісіміз болады деп сенемін», – деді Айкөркем Батихан.