Астанада полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 33 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында күдіктінің азаматтарды әлеуметтік желілер арқылы іздеп, мемлекеттік балабақшаларға қатысты жарияланымдардың астына өз қызметтерін ұсынғаны анықталды.
Әйел адам ата-аналарға балаларын мемлекеттік балабақшаға кезексіз орналастырып беруге уәде етіп, сенімдеріне кірген. Осыдан кейін азаматтардан ақшалай қаражатты өзінің банк шотына аудартқан.
Алынған қаражатты күдікті жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
«Қазіргі таңда оның әрекетінен 10 эпизод анықталды.
Полиция қызметкерлері келтірілген залалдың көлемін және күдіктінің осыған ұқсас өзге де фактілерге қатыстылығын анықтап жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілердегі «кезексіз балабақшаға орналастырып беремін» деген секілді күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады.
Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде тек ресми ақпарат көздеріне жүгініп, бейтаныс адамдарға ақша аудармау қажет.