Alatau City: Лондон, Берлин және Франкфурттағы келіссөздердің нәтижесі жарияланды

Alatau City: Лондон, Берлин және Франкфурттағы келіссөздердің нәтижесі жарияланды
Фото: Үкімет

Қазақстанның Alatau City жобасын таныстыруға арналған Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуы аяқталды. Оның қорытындысында жалпы инвестициялық әлеуеті 2 млрд доллардан асатын 27 коммерциялық құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларында бірқатар келіссөз өткізді.

Үкіметтің мәліметінше, Германиядағы кездесулер нәтижесінде инвестициялық әлеуеті 715 млн доллар болатын 18 келісім жасалды.

Роуд-шоудың қорытынды кезеңі Франкфуртта өтті. Онда Alatau City жобаларына неміс бизнесін тарту, инфрақұрылымды дамыту және ұзақмерзімді қаржыландыру мәселелері талқыланды.

Келіссөздер нәтижесінде Alatau City Authority, Alatau City Bank және Германияның AKA Bank пен KfW қаржы институттары банктік қаржыландыру тарту жөніндегі құжаттарға қол қойды. Ынтымақтастық инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және неміс жабдықтарын сатып алуды көздейді.

Сондай-ақ WILO, Zrinski Solutions, Myron AG, Nikolaus & Co. және Schneider Group компанияларымен инженерлік инфрақұрылым, медициналық бұйымдар өндірісі, цифрлық қаржы технологиялары және инвестициялық консалтинг салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды.

Кездесулер барысында Қанат Бозымбаев Alatau City-ді дамытудың стратегиялық басымдықтарын таныстырды. Ал Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров халықаралық инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады.

Жалпы Еуропадағы роуд-шоу аясында жасалған келісімдер қаржы секторын, инженерлік инфрақұрылымды, білім беру, машина жасау, денсаулық сақтау, туризм және цифрлық экономика салаларын қамтиды.

Бұған дейін Берлинде Alatau City-ді дамыту бойынша 11 келісімге қол қойылғаны хабарланған еді.