Қазақстан биыл теміржолмен 12,1 млн тонна астық тасымалдады

Қазақстан биыл теміржолмен 12,1 млн тонна астық тасымалдады
Фото: ЖИ көмегімен жасалған иллюстрация

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы 10 айында теміржол арқылы 12,1 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға көп, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, оның 9,4 млн тоннасы экспортқа жөнелтілген. Бұл көрсеткіш былтырғы 8,5 млн тоннамен салыстырғанда 11%-ға артқан.

Астық экспортының басым бөлігі Орталық Азия елдеріне тиесілі. Аталған бағытқа 6,2 млн тонна астық жеткізіліп, тасымал көлемі 27%-ға өсті.

Атап айтқанда, Өзбекстанға 4,6 млн тонна (+35%), Тәжікстанға 1,3 млн тонна (+18%) астық жөнелтілді. Ал Ауғанстанға тасымал көлемі 3,4 есе артып, 855 мың тоннаға жетті. Қытайға жеткізілген астық көлемі 65%-ға өсіп, 935 мың тоннаны құрады.

Қазан айының өзінде теміржолмен 1,4 млн тонна астық тасымалданған. Қазіргі уақытта жаңа өнімді жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Министрліктің мәліметінше, астық тасымалын қамтамасыз ету үшін 16,9 мың астық тасығыш вагон, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл ресурстар жоспарланған тасымал көлемін орындауға жеткілікті.

Сонымен қатар жаңа егін астығын уақтылы жеткізу үшін Көлік министрлігі арнайы Астық штабын құрды. Штаб теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамның дайындығын бақылап, тасымалдау кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешуді үйлестіреді.

Бұған дейін Қазақстан Израильге 500 мың тоннаға дейін бидай жеткізуді ұсынғаны хабарланған еді.