Сенегалдың Дакар қаласында өткен IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған елордалық триатлоншы Рамазан Әйнегов Астанаға оралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Астана халықаралық әуежайында жас спортшыны туған-туыстары, жаттықтырушылары, спорт саласының өкілдері мен жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды.
Рамазан Әйнегов жасөспірімдер Олимпиадасында триатлоннан жоғары нәтиже көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Ол жарыс жолын 53 минут 27 секундта аяқтап, жапониялық Дайки Нисидзакимен бір уақытта мәреге жетті. Нәтижесінде екі спортшы үшінші орынды өзара бөлісті.
Елордаға оралған Рамазан Әйнегов жарыс барысы мен жүлдеге жету жолындағы әсерімен бөлісіп, өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірді.

«Бұл медальдың мен үшін маңызы зор. Жүзу кезеңінде өз мүмкіндігімді барынша пайдаланып, көшбасшыларға жақындай алдым. Велосипед кезеңінде оларды қуып жетіп, жүгіру барысында жүлделі орын үшін күрестім.
Осы орайда отбасыма және бапкерлерім Аслан Болатұлы мен Мұрат Серікұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олардың қолдауы мен еңбегінсіз бұл медальға қол жеткізу мүмкін болмас еді. Барлығына шексіз ризамын!» – деді Рамазан Әйнегов.
Еске сала кетейік, Астанада жасөспірімдер мен юниорлар арасында ел чемпиондары анықталды.