Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бір мезгілде бес жұп егіз сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Еліміздің әр өңірінен шақырылған он сарбаздың сырт келбеті ұқсас болғанымен, мінезі мен қызығушылықтары әртүрлі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбелік Аман мен Есен Байдуллаевтар 19 жаста. Бұл егіздер әскери ортаға тез бейімделіп, қызмет барысында өздерін жақсы қырынан танытқан. Олар жауынгерлік қызмет кезінде есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген азаматты ұстау операциясына қатысқан.

Қызылордадан шақырылған 20 жастағы Нұртөре мен Жантөре Нұрылдалар әскерге дейін әртүрлі мамандықты меңгерген. Нұртөре дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын таңдаса, Жантөре фельдшер дипломын алған. Қазір ағайындылар бір әскери бөлімде борышын өтеп жүр.
Ал Түркістан облысынан шақырылған Аман мен Есен Сапаралылар өнерге жақын. Халық әндері мен термелерді орындағанды ұнататын егіздер бұл қабілеттің әкелерінен дарығанын айтады. Бір қызығы, олардың әкесінің де егіз інілері бар екен. Аман мен Есен 18 жасқа толғаннан кейінгі күні әскерге аттанған.

Тараздық Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар да 19 жаста. Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысады. Сондай-ақ ағайындылар мерзімді әскери қызметшілерге тегін білім алуға мүмкіндік беретін «Сарбаз 2.0» бағдарламасына өтініш берген.
Кентаулық Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер әскерге дейін Шымкенттегі «Мирас» университетінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» мамандығы бойынша білім алған. Болашақта ұстаздық қызмет атқарып, оқушыларға әскери істің негіздерін үйретуді жоспарлайды. Олардың отбасында тағы бір жұп егіз бар.
Ұлттық ұлан мәліметінше, бір бөлімде қатар қызмет ету сарбаздарға әскери өмірге бейімделіп, бір-біріне қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындаған. Патрульдік қызмет барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізіліп, олардың 300-і қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.
Қазіргі уақытта еліміздің 21 қаласында күн сайын 7 мыңнан астам ұландық қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.
Бұған дейін астаналық жеті достың Ұлттық ұланда борышын бірге өтеп жүргенін жазған едік.