Қазақстанда алғаш рет қыз әскери қызметші Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы жасағының қатарына қабылданды. «Китана» бүркеншік атымен танылған Қымбат – жекпе-жектің бірнеше түрінен халықаралық жарыстарда топ жарған спортшы. Енді ол арнайы жасақ жауынгері ретінде қызметін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қымбаттың «Бүркітке» келуіне Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық жарысы себеп болған. Ол Қазақстан атынан қатысқан «Томирис» қыздар командасының сапында өнер көрсетіп, мергендігімен көзге түскен.

Аталған додада қазақстандық қыздар әйелдер арасындағы санатта бірінші орын иеленді. Ал жалпы командалық есепте 18-орынға тұрақтап, бірқатар ерлер құрамасынан жоғары нәтиже көрсетті.
Жарыстағы өнерінен кейін Қымбатқа «Бүркіт» арнайы жасағының қатарына қосылу ұсынылған. Ол бұл ұсынысты қабылдап, бөлімше тарихындағы алғашқы қыз әскери қызметші атанды.

Қымбаттың спорттық жетістіктері де назар аударарлық. Ол қоян-қолтық ұрыстан алты дүркін Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс және екі қола жүлдегері. Сондай-ақ әлем кубогы, Еуропа және Азия чемпионаттарында күміс медаль жеңіп алған.
Джиу-джитсудан үш дүркін әлем және Азия чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы атанған. Бұдан бөлек, ММА бойынша Қазақстан мен Азия чемпионы, жауынгерлік самбодан ел чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Дүниежүзілік полиция ойындарында дзюдодан алтын, джиу-джитсудан күміс медаль иеленген. Қоян-қолтық ұрыс пен джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбо және ММА-дан спорт шебері атақтары бар.
Енді Қымбаттың алдында тағы бір мақсат тұр. Ол арнайы жасақ жауынгерлеріне арналған күрең берет сынағынан сүрінбей өтуді көздейді.

Бұл сынақ әскери қызметшінің дене дайындығын, төзімділігін және психологиялық беріктігін тексереді.
Егер Қымбат сынақтан сәтті өтсе, Ұлттық ұлан тарихында күрең беретке ие болған алғашқы қыз жауынгер атанбақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Аружан Жүнісова Ұлттық ұланның алғашқы әйел кинологы атанғанын жазған едік.