Дәрігерге онлайн да, офлайн да жазылу қолжетімді болуы тиіс – министр
Қазан айынан бастап Қазақстан өңірлерінде емханалардағы дәрігерге жазылудың нақты қолжетімділігі жүйелі түрде тексеріледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қатысуымен өткен кеңесте қаралды. Министр алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы медициналық көмектің қолжетімділігін бақылауды күшейтуді тапсырды.
Енді учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға жазылу мүмкіндігі екі апта сайын мониторингтен өтеді. Министрдің айтуынша, пациент ешқандай артық ұйымдастырушылық кедергісіз дәрігерге жазылып, қажетті медициналық көмекті алуы тиіс.
«Егер адам емханаға барып, дәрігерге жазыла алмаса, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы қалай айтуға болады? Бұл – жергілікті жерде қамтамасыз етілуге тиіс базалық мәселелер», – деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияздың айтуынша, жүргізілген талдау кезінде пациенттердің учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға өз бетінше жазылуына қатысты шектеулер анықталған.
Кейбір медициналық ұйымда дәрігерлердің қабылдау кестесі жасалғанымен, пациенттердің өз бетінше қабылдауға жазылу мүмкіндігі шектеулі болып отыр.
«Мәселе тек қабылдау кестелерінің болуында емес, пациенттің қабылдауға өз бетінше жазыла алу мүмкіндігінде. Анықталған кемшіліктер бойынша медициналық ұйымдарға тиісті ұсынымдар жіберіледі», – деді Комитет төрайымы.
Министр денсаулық сақтау басқармаларына медициналық көмектің қолжетімділігін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Халыққа онлайн да, офлайн да қолжетімді болу қажет. Адам емханаға келіп, өзіне қажетті барлық ақпаратты алуы тиіс. Дәрігерге жазылу мүмкіндігін қамтамасыз ету – жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысы», – деп атап өтті министр.
Қазан айынан бастап аумақтық бөлімшелер мен бейінді департаменттер МСАК ұйымдарының белгіленген стандарттарға сәйкестігіне кешенді талдау жүргізеді.
Тексеру дәрігерге жазылу мүмкіндігімен ғана шектелмей, медициналық көмекті ұйымдастырудың басқа да мәселелерін қамтиды.
Бұған дейін Қазақстанда жыл басынан бері 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілгенін жаздық.