Шымкент әуежайында багажында қауіпті зат барын айтқан мас жолаушы қамалды
Аталған «жарылғыш зат» табылмады. Алайда жолаушы рейстен түсіріліп, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Шымкент әуежайында болған. Шымкент - Астана бағытындағы рейске тіркелу кезінде мас күйдегі ер адам багажында «жарылғыш зат» бар деп мәлімдеген.
Әуекомпания өкілдері жолаушыны дереу рейстен түсіріп, көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырды.
Көлік полицейлері тексеру жүргізген кезде ақпарат расталмады – ешқандай жарылғыш зат табылмады. Әуежайда эвакуация жүргізілген жоқ. Тексеру қорытындысы бойынша ер адам қоғамдық орында мас күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен оған 5 тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
«Әуежайлар мен көлік нысандарындағы жарылғыш заттар және басқа да қауіпсіздік қатерлері туралы қалжыңдауға болмайды. Тіпті адамның зиян келтіру ниеті болмаса және мұндай мәлімдемені «қалжың ретінде» айтса да, мұндай сөздер заңда белгіленген тәртіппен қарастырылады және жауапкершілікке әкеп соғады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұдан бұрын ұшақта абайсызда айтылған бір ауыз сөз рейсті кешіктіруі мүмкін екенін жаздық.