Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама

19 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасмөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керектігін атап өтті. 

«Бүгін бәріміз бірге осы саябақта тал егіп, ортақ парасатты іске атсалыстық. Бұл, шын мәнінде, қоғамымыз бен жалпы еліміз үшін аса қажетті және пайдалы жұмыс. Баршаңызға мемлекет саясатын үнемі қолдағандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады.

Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша.

Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл – өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтті. 

«Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы. Солай болса ғана, халқымыз бен жалпы еліміздің халықаралық беделі жоғары болады, инвестициялық тартымдылығы күшейе береді. Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: біз тазалық ұғымына кең ауқымда қарауымыз керек. Ойы, ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады. Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды.

Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін. Бұл сөздің мағынасын кең тұрғыдан алып қарасақ, тазалық ластықтың алдында ешқашан ұтылмайды, тазалық бәрін жеңеді. Бұл да – өмірдің өзі растаған мәңгі ақиқат дүние.

«Таза Қазақстан» жобасының мақсаты – елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту. Бүгінде Қазақстанның әр аймағында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам түрлі экологиялық іс-шара өтті. Осы маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысты, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылды. Елімізде 1,3 миллион тал егілді. Мұның бәрі аз шаруа емес, шын мәнінде көп жұмыс істеліп жатыр. Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы. 

Осы орайда, нақты іске белсене атсалысқан барлық азаматқа тағы да алғыс айтамын. Осындай нағыз отаншыл, патриот азаматтарды мемлекетіміз марапаттауы керек. Алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі тойында бұл құрметті міндетті орындаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажеттігін жеткізді. 

«Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама, сонымен қатар, бұл – халқымыздың саналы таңдауы. «Таза Қазақстанды» ұлт болмысына озық өзгерістер әкелген бірегей жоба деп атауға да болады. Осындай маңызды жұмыстың арқасында халқымыздың бойында мүлде жаңа қасиеттер мен құндылықтар пайда бола бастады. Бірақ арқаны кеңге салып, мәз болып, босаңсуға болмайды. Біз өркениетті ел боламыз десек, тек алға қарай жүруіміз керек. Алдымызда тұрған биік және өзекті мақсаттар мен міндеттер аз емес, көп деп айтуға болады. Біз «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын. Бұл – уақыт талабы», - деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалғанына назар аударды. 

«Бүгінде Қазақстан тарихи, тағдыршешті дәуірге қадам басты. Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды. Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңарып, жаңғыруда. Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр.

Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек.

Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады.

Біздің мақсатымыз – айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз. Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі», - деді ол.