Астанада №1 Индустриялық парк аумағында экологиялық акцияға 700-ден астам адам қатысты

19 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Астанада №1 Индустриялық парк аумағында экологиялық акцияға 700-ден астам адам қатысты
Фото: ұйымдастырушылар

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында қаладағы №1 Индустриялық парк аумағында экологиялық акция өтті. Іс-шараға 700-ден астам адам атсалысты. Оның ішінде Astana Invest инвестицияларды дамыту орталығының қызметкерлері және елордадағы түрлі өндірістік кәсіпорындардың өкілдері бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Басты назар өндіріс нысандары орналасқан парк аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға аударылды. Апта ішінде Индустриялық паркте түрлі ағаш көшеттері отырғызылды, ал өнеркәсіптік нысанға іргелес алаңдар тазартылып, ретке келтірілді.

«Таза Қазақстан» науқаны аясында біз бүгін №1 Индустриялық паркте кең көлемді ағаш отырғызу іс-шарасын, сондай-ақ айналадағы аумақтар мен ортақ пайдаланылатын жерлерді санитарлық тазалауды өткізіп жатырмыз.

Біз осы аптада шамамен 800-ге жуық ағаш отырғыздық. Сондай-ақ, қазір көшет отырғызуға Astana Invest компаниясының ұжымының 100 қызметкері атсалысуда. Сондай-ақ, барлық парк аумағында орналасқан инвесторлар өзіне қарасты аумаққа іргелес алаңдарды санитарлық тазалау жұмысын жүргізіп жатыр. Жалпы экологиялық акцияға 700-ден астам адам жұмылдырылған», - деп атап өтті Astana Invest басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлы.

Оның айтуынша, «Astana Invest» компаниясы индустриялық парктің басқарушы компаниясы ретінде осы аумақтың тазалығына жауапты және оны күтіп ұстауды қадағалайды. Үш жылдан бері аумақты көгалдандыру жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта индустриялық парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш өсіп тұр.

«Астана-Зеленстрой» ЖШС агрономдары кеңесі бойынша мұнда ағаштың екі түрін отырғызу қолға алынған.  

«Ағаш түрінен қарағаш пен терек таңдап алынған. Өйткені олар бұл өңірдің климатына төзімдірек және жақсы өседі. Бұл аумақ бұрын батпақты болған, сондықтан басқа ағаштардың мұнда тіршілік етуі өте қиын. Қазір егіліп жатқан көшеттер тәлімбақтан жеткізілген. Олардың биіктігі 3 метрден кем емес. Бұл акция жыл сайын жалғасады. Бұл тек ағаш отырғызу ғана емес, сонымен қатар әлдеқайда аз ауданды алатын бұта отырғызу қолға алынған. Олардың пайдалылығы бірдей», - деді Сәбит Мұхамеджанұлы.

Оның айтуынша, Бүкіләлемдік тазалық күні (World Cleanup Day) қарсаңында парк аумағындағы барлық инвесторға үндеу жарияланған.

«Барлық инвесторлар қоғам мен қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін түсінеді, сондай-ақ экологиялық акцияға қолдау білдіреді.  Олар ортақ аумақта жасыл белдеудің пайда болуын және экологияны жақсартуды қалайды», - деді ол.

Акцияға қатысушылар сондай-ақ көгалдандыру және қоршаған ортаны жақсарту бойынша бірлескен күш-жігер бірлік атмосферасын қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамытатынын атап өтті.

«Таза Қазақстан» бастамасы тек қаланы жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін де маңызды. Зауытта біз тазалық пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау әрбір жұмыс орнынан басталатынын түсінеміз. Сондықтан аумақта тәртіпті сақтау, қалдықтарды дұрыс басқару және табиғи ресурстарды үнемдеу маңызды. Мұндай бастамалар қоршаған орта бойынша хабардарлықты арттырады және әрбір адамның үлесі маңызды екенін еске салады», - деді Digital System Servis телекоммуникациялық жабдықтар шығаратын зауыттың стандарттау және сертификаттау жөніндегі маманы Ержан Мусин.

«Таза Қазақстан» адамдарды қаланы таза, жасыл және жайлы ету секілді ортақ мақсаттың айналасына біріктіреді. Мұндай бастамалар қалалық ортаны жақсартып қана қоймай, сонымен қатар бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.