Астанада «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі және тұқымдық байқауы өтті
Астанада қазақы тазылардың тұқымдық сапасын бағалап, ұлттық ит тұқымын сақтау мен дамытуға бағытталған «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі және тұқымдық байқауы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Моно тұқымдық көрме барлық ит тұқымдары қатысатын халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге таныстыруға мүмкіндік берді. Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтіп, олардың тұқымдық ерекшелігі мен белгіленген стандарт талаптарына сәйкестігі қаралды.
Көрменің тағы бір бағыты тұқымдық байқау болды. Мұнда иттердің тұқымдық сапалары бағаланып, талаптарға сай келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі «Иттің шығу тегі туралы» куәлік берілді. Бұл құжат итті ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, оның шығу тегі туралы нақты мәліметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты тек көрмеде үздік иттерді анықтау емес, қазақы тазыларды жүйелі түрде асылдандыру екенін атап өтті.
«Қазақстан кинологтар одағы мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл көрменің өзіндік ерекшелігі бар. Моно тұқымдық көрмеде қазақы тазылар тұқым стандартына қаншалықты сәйкес келетіні бойынша сараптамадан өтеді және тиісті бағасын алады. Сол бағалаудың нәтижесі асылдандыру жұмысында ескеріледі. Әлемдік жарыстарда жүлде алу мақсатымыз болса, мұнда негізгі бағыт – асылдандыру. Иттерді халықаралық деңгейде мойындату үшін олардың асыл тұқымды болуы маңызды. Сонымен қатар ұрпақтарының ата-тегі, ата-анасы туралы нақты мәліметтерді қалыптастырып, халықаралық кинологиялық федерацияға дәлелдей алу қажет. Бұл ретте ауылдық жерлердегі тазыларды да есепке алу өте маңызды. Бүгінде моно тұқымдық көрмеге тиісті құжаттары бар иттер қатысады. Сонымен қатар тұқымдық байқау да қатар өткізіліп жатыр. Елімізде ресми есепке алынған төрт мыңнан астам тазы бар. Алайда ауылдық, өңірлік жерлерде есепке алынбаған тазылар да бар. Олардың барлығын тіркеп, есепке алсақ, асыл тұқымды тазылардың саны алты-жеті мыңға жетуі мүмкін.
Тазы – біздің мәдениетіміз, көшпенділер тарихының бір бөлшегі. Сондықтан оны халықаралық деңгейде таныту үшін қазір іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тазы тек қана ит тұқымы емес, біздің тарихымыздың бір бөлігі. 2024 жылдан бері қазақы тазы ресми түрде тіркелді. Мемлекет басшысы да тазы тұқымының көбеюіне көңіл бөліп отыр. Мысалы, Жетісу облысында тиісті ұлттық орталық салынып жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау да жоғары», – деді Қазақстан кинологтар одағының президенті.

Тұқымды сақтау жұмысына тазы иелерінің тікелей қатысуы да маңызды. Қазақстан кинологтар одағының мүшесі Дидар Қайратов сегіз жылға жуық уақыттан бері қазақы тазы асырап, оларды көрмелерге де, аңшылыққа да шығарып жүргенін айтты.
«Тазы ұстап жүргеніме сегіз жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде тазыларымның тегін анықтап, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп келемін. Бұрынғы кезеңдерде, әсіресе Ресей құрамында болған уақытта тазы тұқымы басқа иттермен араласып кеткен жағдайлар болған. Сондықтан қазір таза қазақы тазының тұқымын сақтауға өз үлесімізді қосып жүрміз. Өзімде бес тазы бар. Оларды сегіз жыл бойы өзім күшіктетіп, асыл тұқымдандыру жұмысын жүргіздім. Көрмеге де, аңшылыққа да тазыларыммен шығамын. Менікі – қазақы шашақ деп аталатын тазы тұқымы. Қазақы тазылардың ерекшелігі өте көп. Мәселен, басқа елдерде аңшылыққа шыққанда үш-төрт итпен бірге шығады. Біреуі із кеседі, біреуі аңды қуады, тағы бірі аңды ұстайды. Ал қазақы тазы осы міндеттің барлығын бір өзі атқара алады. Бұл оның аңшылық қабілетінің ерекшелігін көрсетеді. Осындай көрмелерде де біршама жүлде жеңіп алғанбыз. Сондықтан мұндай шаралар біз үшін тазылардың тұқымдық сапасын көрсетіп қана қоймай, олардың мүмкіндігін кеңінен таныстыруға да жол ашады», – деді Дидар Қайратов.
Іс-шара барысында қазақы тазының тұқымын сақтауға, асылдандыруға, аңшылық бағытында дамытуға және ұлттық ит тұқымын насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар маман мен сала өкілдері марапатталды. Олардың еңбегі тазы тұқымын дамытуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі ретінде атап өтілді.

Көрме қорытындысында Қарағандыдан келген қатысушы Рамазан Есейовтің Елес есімді тазысы жеңімпаз атанды. 79 жастағы тазы иесі бұл кәсіппен алты жасынан бері айналысып келе жатқанын айтты.
«Елес есімді тазым бүгін жеңімпаз болды. Босағамыздан тазы арылған емес. Алты жасымнан бастап тазы асырадым. Бүгінде 79 жастамын. Осы уақыт ішінде қолымнан 50-60 тазы өтті. Қазір екі асыл тұқымды тазы ұстаймын. Бүгін тазым тұқымның критерийлеріне сәйкес келіп, жеңімпаз атанды. Бұған дейін де тазы асыраудан көптеген көрмеде жеңіске жеттім. Шетелдегі тазы көрмелерінде де жүлде алған кездерім болды.
Бұрындары тазыларымды овчаркалардың арасында жалғыз өзім алып, көрмелерге қатысатынмын. Қазір қаншама тазы көрмеге келіп жатыр. Мұндай өзгерістерге өте қуаныштымын. Бүгінгі көрме өте жоғары деңгейде өтті. Тазылар да асыл тұқымданып, тұқымның сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді», – деді көрме жеңімпазы Рамазан Есейов.

Қазақы тазыларды жүйелі түрде тіркеу мен олардың шығу тегін бақылау тұқымның болашағы үшін маңызды бағыттың бірі. Әр күшіктеген ұяны уақытылы тіркеу арқылы иттердің ата-тегін, қандай өндірушілерден алынғанын және кейінгі ұрпақтарының дамуын бақылауға мүмкіндік туады. Сондықтан тазыларды Қазақстан кинологтар одағының «Бірыңғай асыл тұқымды иттер» кітабына енгізу, олардың шежірелік базасын қалыптастыру және еліміздің барлық өңіріндегі иттер туралы мәліметтерді бір жүйеге жинақтау жұмыстарының маңызы зор. Бұл қазақы тазылардың тұқымдық ерекшеліктерін сақтап, жауапты асылдандыру жұмысын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
