Елордада 42 мыңдай шетелдік тіркеусіз тұрғаны үшін жауапкершілікке тартылды
Жыл басынан бері елордада тіркеусіз тұрғаны үшін 41 906 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Шетелден Қазақстанға келген азаматтар келген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде тіркелуге міндетті. Қазақстанда тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.
«Жыл басынан бері елордада тіркеусіз тұрғаны үшін 41 906 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың 533-і әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталап жасаған», делінген хабарламада.
Прокуратура тұрғындарға шетелдіктердің тіркеусіз және құжатсыз тұруына жол бермеуге шақырды. Сондай-ақ аталған талапты бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейінгі айыппұл көзделгенін ескертті.
Еске сала кетсек, Астанада Kazakhstan Travel Forum «САЯХАТ 2026» форумы өтіп жатыр. Онда Қазақстан өңірлері мен әлемнің 13 елінен келген туризм саласының өкілдері бас қосты.