Мұнай-газ өндірісі: отандық сервистік компанияларға талап күшейді

Мұнай-газ өндірісі: отандық сервистік компанияларға талап күшейді
Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстанда мұнай-газ өндірісінің артуына байланысты отандық сервистік компанияларға қойылатын талап күшеймек. Энергетика министрлігі қазақстандық тауарлар мен қызметтерге ұзақ мерзімді сұраныс қалыптастыру және жергілікті қамтуды арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда мұнай-газ нысандарына техникалық қызмет көрсету мәселелеріне арналған PetroMaintenance 2026 форумы басталды. Іс-шараға Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты.

Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 99,6 млн тоннаға жетіп, бір жылда 13,5%-ға артқан. Ал газ өндіру көлемі 68,2 млрд текше метрді құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 15,6%-ға өскен.

Өндіріс көлемінің артуы мұнай-газ нысандарындағы жабдықтардың сенімділігіне, өнеркәсіптік қауіпсіздікке және техникалық қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді.

Вице-министрдің айтуынша, министрліктің негізгі міндеттерінің бірі – ел ішіндегі құндылықты арттырып, қазақстандық сервистік ұйымдарды қолдау.

«Ірі мұнай-газ жобаларының операторларымен бірлесіп, министрлік отандық тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге ұзақ мерзімді сұраныс қалыптастыру, жергілікті қамтуды дамытудың бесжылдық бағдарламаларын енгізу және офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде», – деді Ерлан Акбаров.

Сонымен қатар министрлік PSA компаниясымен бірлесіп инженерлік қызметтерді оқшаулауға басымдық беріп отыр. Бұл ретте жаңа жобалардағы жобалық шешімдер бастапқы кезеңнен бастап қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін ескеруге бағытталмақ.

Форумға KAZENERGY қауымдастығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жергілікті атқарушы органдар, «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz ұлттық компаниялары, ірі жобалардың операторлары мен отандық және халықаралық инжинирингтік және сервистік кәсіпорындардың өкілдері қатысуда.

Іс-шараның іскерлік бағдарламасында мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы кәсіпорындарындағы техникалық қызмет көрсету мен жөндеу тиімділігін арттыру мәселелері талқылануда. Атап айтқанда, предиктивті аналитика, активтердің тұтастығын басқару, жасанды интеллект және жабдықтардың цифрлық егіздерін қолдану мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар форум аясында ірі мұнай-газ жобаларына қазақстандық бизнестің қатысуын кеңейту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық сервистік компаниялар арасында B2B форматындағы келіссөздер ұйымдастырылды.

Бұған дейін Астана 2028 жылы Дүниежүзілік мұнай кеңесінің конгресін қабылдайтынын жаздық.