Қыркүйекте қанша адам ЖРВИ-мен ауырғаны белгілі болды

18 қыркүйек, 2026
Жәнібек Амангелді Жәнібек Амангелді
Қыркүйекте қанша адам ЖРВИ-мен ауырғаны белгілі болды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Күзгі маусым басталғалы бері ЖРВИ көрсеткіші былтырғыдан осы кезеңмен салыстырғанда шамамен екі есеге аз тіркелді. Бұрын белгісіз болған жаңа респираторлық вирус анықталмады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство қыркүйек айынан бастап ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша сырқаттанушылыққа апта сайын мониторинг жүргізіп келеді.

«Қыркүйек айының басынан бері елде 51 937 ЖРВИ тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 1,8 есеге төмен. Бүгінгі таңда тұмау тіркелген жоқ. Жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 87 жағдайы тіркелді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 есеге аз.

COVID-19 басқа да маусымдық респираторлық вирустармен қатар айналымда жүр. Бұл ретте Қазақстанда бұрын белгісіз болған жаңа вирустар анықталған жоқ», делінген хабарламада.

Күзде респираторлық инфекция күшейеді. Маусымдық инфекциядан қалай қорғануға болады?

ЖРВИ, тұмау және басқа да респираторлық инфекцияның алдын аул үшін:

* үйді үнемі желдетіп тұру;
* қолды жиі жуу және жеке гигиена ережесін сақтау;
* мүмкіндігінше ауру белгісі бар адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу;
* сырқаттану жоғары кезеңде адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
* жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу;
* дене қызуы көтеріліп, жөтел, тамақ ауруы және басқа да ауру белгісі пайда болған жағдайда үйде қалып, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.

Еске сала кетсек, Астанада тамыз - 3 қыркүйек аралығында 3 204 жедел респираторлық вирустық инфекция оқиғасы тіркелді.