Астанада 11 жастағы Алтынай Өтеубаева қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде 853 кітап оқып үлгерген. Кітапқа төрт жасынан қызығушылық танытқан оқушы биыл Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Алтынай кішкентай кезінен кітап оқуды әдетке айналдырған. Әсіресе, шытырман оқиғаларға толы шығармаларды ұнатады. Оқыған кітаптарының мазмұнын еркін баяндап, кейіпкерлері мен оқиғалары туралы қызыға әңгімелейді.
Жас кітапқұмар қазақ, ағылшын және француз тілдеріндегі шығармаларды еркін оқиды. Ал шет тіліндегі әдебиеттерді ата-анасы арнайы Ұлыбританиядан алдырып отырған.

Осыған дейін Алтынай Астанадағы №17 мектеп-гимназиясында білім алған. Биыл Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы атанып, білімін жаңа ортада жалғастырып жатыр.
Төрт жасынан кітап оқуға ден қойған Алтынай алдағы уақытта да жаңа шығармалармен танысып, білімін тереңдетуді мақсат етеді.
Бұған дейін елордада өткен ерекше акция аясында 186 мыңнан астам адамның бір мезетте кітап оқып, көпшілікке кітап оқу мәдениетін насихаттағанын жазған едік.