Түркия теңіз порттарында Қазақстанның көліктеріне жүк тиеуге мүмкіндік берілді
Анталья қаласында Қазақстан-Түркия автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Отырыс қорытындысы бойынша екі ел арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары мен транзитті одан әрі дамыту бойынша нақты уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар электронды рұқсаттарға шектеу қойылмайтыны туралы уағдаласты. Бұл келісім тасымалды неғұрлым икемді ұйымдастыруға және тасымалдаушылардың қажеттілігіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Маңызды нәтиженің бірі – қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан Қазақстанға кейіннен тасымалдау үшін жүк тиеуге мүмкіндік берілуі.

Сондай-ақ тараптар 2026 жылдан бастап осындай транзиттік жүкті тасымалдауға жыл сайын 3 мыңнан рұқсат бланкісімен өзара алмасуға келісті.
Отырысқа қатысушылар екіжақты және транзиттік тасымалдарды одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталып, оның Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға қосатын үлесін атап өтті.
Еске сала кетсек, биылғы «ҚазАвтоЖол» компаниясы салмағы нормадан асып кеткен 870 мыңға жуық жүк көлігін анықтады.