Астанаға жақын 4 ауылға жерасты су кен орнынан құбыр тартылып жатыр
Ақмола облысында 21 ауылдың ауыз сумен қамтылуын жақсарту үшін Нұра топтық су құбыры реконструкцияланып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау қалай жүргізіліп жатқанын барып көрді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Целиноград ауданында Покровское жерасты су кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейінгі су құбыры салынып жатыр. Жоба аясында Төңкеріс ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және Арайлы ауылының сумен жабдықталуын жақсарту да көзделген.
Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы – 86,5 шақырым. Жоба шеңберінде су жинау ұңғымалары орналасатын алаңды, бірінші және екінші көтерілімдегі сорғы станцияларын, су тазарту станциясын, сондай-ақ бастапқы және таза су резервуарларын салу жоспарланған. Барлық құрылыс-монтаждау жұмысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Қорғалжын ауданында Нұржан Нұржігітов Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмысының барысымен танысты. Бірінші кезек аясында жаңа су жинау нысаны мен топтық су құбырының бас құрылысын салу, сондай-ақ Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарындағы 21 ауылды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 162 шақырым магистральдық су құбырын және ұзындығы 22,4 шақырым пайдалану жолын салу қарастырылған.
Қазіргі уақытта су сынақ режимінде беріліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша алты ауыл жаңа су құбырына қосылды.
Екінші кезек бойынша Қорғалжын ауданындағы ауылдық елді мекендерді тұрақты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін алты ауылға магистральді су құбырынан тармақтар және екі ауылға су құбыры құрылыстарының алаңдары салынады. Нұра топтық су құбырын реконструкциялау аяқталуға жақын. Барлық іс-шараны толық орындау 2026-2027 жылдарға жоспарланып отыр.

Бұдан кейін министр «Алва» лиманды суару жүйесінің бас құрылысын реконструкциялау барысымен танысты. Жоба нысанды күрделі жөндеуден өткізуді, автоматты су ағызу құрылғысын орнатуды және бас құрылысқа іргелес орналасқан топырақ бөгетін қалпына келтіруді қамтиды.
Қазіргі уақытта су қақпаларын орнату, еңістерді және темірбетон конструкцияларын күшейту жұмыстары аяқталды. Барлық құрылыс-монтаждау жұмысын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Жобаның мақсаты – 12 856 гектар аумақтағы лиманды суару жүйесінің жұмыс қуатын қалпына келтіру және Целиноград ауданындағы су ағындарын сенімді реттеуді қамтамасыз ету.
«Азаматтардың өмір сүру деңгейі сапалы ауыз суға қолжетімділікке тікелей байланысты. Сондықтан барлық жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету аса маңызды. Іске асырылып жатқан жобалар Ақмола облысының су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртып, оның ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Еске сала кетсек, Нұржан Нұржігітов Астана су тасқынынан қорғайтын бөгетті реконструкциялау жұмысымен танысты.