Ақтөбеде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды. Тұрғын үйлердің бірін тінту кезінде қызметтік ит үйдің шатырынан 25 келіден астам марихуана салынған екі бөшкені тапты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс орталығында есірткінің заңсыз айналымына қатысты деректі анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында үш жергілікті тұрғын ұсталды.
Тұрғын үйлердің бірінде жүргізілген тінту кезінде қызметтік иттің көмегімен шатырдан көлемі 50 және 25 литр болатын екі бөшке табылды. Олардың ішінен өсімдік тектес зат тәркіленді. Сараптама нәтижесінде оның марихуана екені анықталды. Есірткінің жалпы салмағы 25 келіден асқан.
Бұдан бөлек, екінші күдіктінің үйін тінту кезінде полиция қызметкерлері есірткі болуы мүмкін зат салынған пакетті және оны тұтынуға арналған құралдарды тәркіледі. Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған үш азаматтың барлығы полицияға түскен кезде есірткілік масаң күйде болған.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын, сондай-ақ есірткі заттарының жеткізілуі мен таралуының ықтимал жолдарын анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ күшті әсер ететін дәрілердің заңсыз айналымына тосқауыл қойған болатын.