Қазақстан мен Бавария Орта дәлізді дамыту мәселесін талқылады
Мюнхенде Қазақстан мен Бавария арасындағы экономикалық, ғылыми және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Кездесуде көлік инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту және Орта дәлізді ілгерілету мәселелері талқыланды. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен Баварияның Еуропа және халықаралық ынтымақтастық істері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгер тең төрағалық етті. Жиынға Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов және Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанның көлік саласындағы инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ шетелдік серіктестермен ынтымақтастыққа ашықтық және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аталып өті.
Тараптар Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық бағыт – Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударды. Бұдан бөлек, теміржол, порт және әуежай инфрақұрылымын дамытуға бағытталған перспективалы жобалар таныстырылды.
Қазақстан тарапы Бавария компанияларын бірлескен жобаларды іске асыруға тартуға және көлік саласындағы инновациялық технологиялар бойынша тәжірибе алмасуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесуде Қазақстан мен Германия арасында қазіргі уақытта бес бағыт бойынша аптасына 18 тұрақты әуе рейсі орындалатыны айтылды. Оның ішінде Шымкент – Мюнхен бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы бар.
Тікелей рейстің ашылуы іскерлік, инвестициялық және туристік байланыстарды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Баварияның бизнес өкілдері арасындағы өзара байланысты кеңейтуге қосымша мүмкіндік беріп отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті.
Бұған дейін Германиядан Қазақстанға 165 асыл тұқымды мал жеткізілгенін жазған едік.