Солтүстік Қазақстанда жаңғыртылған екі теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Бүгін, 12:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Солтүстік Қазақстанда жаңғыртылған екі теміржол вокзалы пайдалануға берілді
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстанда қайта жаңартылған теміржол вокзалдарының ашылуы жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан облысында жаңғырту жұмыстары жүргізілген Саумалкөл және Жаңаесілтеміржол вокзалдарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараларға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.

«Жүргізілген жаңғырту жұмыстары нысандардың инфрақұрылымын жаңартуға, қауіпсіздік деңгейі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға, елді мекен тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи әрі жайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді», — деді ашылу салтанатында Жәнібек Тайжанов.

Бағдарлама аясында Солтүстік Қазақстан облысында үш теміржол вокзалын жаңғырту көзделген, оның екеуі — Саумалкөл және Жаңаесіл вокзалдары — жаңартудан кейін пайдалануға берілді.

Саумалкөл мен Жаңаесіл — Солтүстік Қазақстан облысының маңызды елді мекендері, ал теміржол вокзалдары өңірдің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуде елеулі рөл атқарады.

Вокзалдарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елдің 124 теміржол вокзалын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында орындалды.

Іс-шара соңында вице-министр мамандар мен жобаның қатысушыларына вокзалдарды жаңғырту бағдарламасын табысты іске асыруға, елдің көлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.