ІІМ алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескерту жасады
Ішкі істер министрлігі азаматтарды алаяқтардың жаңа схемасынан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта қаскөйлер күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып, жалған аккаунттар ашуға көшкен.
Алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы өздерін жоғары лауазымды тұлға, бұрынғы әріптес немесе таныс адам ретінде таныстырып, түрлі себептермен шұғыл түрде ақша аударуды немесе қарыз беруді сұрайды.
Осыған байланысты ІІМ азаматтарды күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырды. Сондай-ақ ешкімге SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін, құпиясөздер мен өзге де жеке мәліметтерді бермеу қажет екенін ескертті.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз қосымшаларды орнатпауға кеңес береді.
«Осындай хабарламалар алған жағдайда ақпараттың шынайылығын өзіңіз білетін телефон нөмірі немесе ресми байланыс арналары арқылы міндетті түрде тексеріңіздер», – деп ескертті ІІМ өкілдері.
Еске салсақ, Астана тұрғынын 4 млн теңгеге алдаған жалған кеңесші әшкереленді.