Қаржы пирамидасының қарағандылық бөлімшесінен 212 млн теңгенің криптовалютасы тәркіленді
Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы С. Қайырбаев мүлкі тәркілене отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Жобаға қатысушыларға құны 120-дан 49 мың долларға дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылған. Есесіне оларға күн сайын табыс түсетіні және жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні уәде етілген.
«Алайда виртуалды дүкендерде орналастырылған тауарлар іс жүзінде болмаған, ал табыс табу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болған. Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған», делінген хабарламада.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды, бұл 212 млн теңгеге тең.
Сот үкімімен аталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, криптовалютамен несиені алғандар алаяқтарға ұрынды.