Қайрат Батырбек: Ұстаз абыройы – шәкірттің жетістігінде

Бүгін, 09:06
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қайрат Батырбек: Ұстаз абыройы – шәкірттің жетістігінде
Фото: Қайрат Батырбектің жеке мұрағаты

Ұстаздар күніне орай Астана қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Қайрат Батырбекпен сұхбаттасқан едік. Кейіпкеріміздің математикаға деген бала күнгі қызығушылығы мен ғылымға деген талпынысы оны ұстаздық жолға алып келген, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

- Математика пәнінің мұғалімі болуды қашан және не себепті таңдадыңыз?

- Менің алғашқы мамандығым мүлдем өзге сала еді - Алматыдағы Азаматтық авиация академиясын инженер мамандығы бойынша аяқтадым. Оқуды бітіріп, Астанаға үлкен үмітпен жұмыс іздеп келгенімде, әуе компанияларына жіберген түйіндемелеріме оң жауап ала алмадым. Дегенмен, әр бұрылыстың астарында үлкен бір қайыр болатынына көзім жетті.

Басқа салада еңбек етіп жүрген сәттерімнің бірінде әлеуметтік желіден көзіме оттай басылған күрделі бір логикалық есеп кездесті. Мектеп қабырғасында олимпиадаларға жиі қатысып, математиканың сиқырлы әлеміне ғашық болған балалық шағым қайта оянғандай болды. Содан бері көкейде жүрген «олимпиадалық өзекті тақырыптарды әдістемелік құрал етіп шығарсам» деген асқақ арман қайта бой көтерді. Бұл ішкі үн мені Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің математика факультетіне алып келді.

Ұстаздық жолымның нағыз іргетасы дипломдық жұмысымды қорғау сәтінде қаланды. Менің математикаға деген ынтамды байқаған белгілі отандық ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Сабырұлы Мәліков (1946-2018) магистратураға түсуіме мұрындық болды. Ол кісі өз жетекшілігімен ұзақ жылдар бойы жинақтаған ғылыми зерттеулерін маған сеніп тапсырды. Осы ізденістердің нәтижесінде 2018 жылы ғалым-ұстазыммен бірге «Айырымдарды қолдану арқылы жаңа есептер құру» атты ғылыми еңбегіміз университет баспасынан жарық көрді. Математика әлеміне инженерлік қырынан келіп, оны ғылыми-әдістемелік биікке ұластырған ұстаздық сапарым осылай басталған еді.

- Мұғалім болудың сіз үшін басты мәні неде?

- Мұғалім болу - тек дайын формуланы тақтаға жазып, есеп шығарту емес. Мен үшін ұстаздықтың басты мәні - оқушының бойындағы жасырын тума талантты ояту және оның танымын кеңейту. Инженерлік ойлау жүйесі мені математиканың тек абстрактілі ғылым емес, өмірдің өзін өрнектейтін нақты да логикалық құрал екенін ұғындырды. Сондықтан мұғалімдік миссиям - әр оқушыға логикалық пайымдауды үйрету, күрделі түйіндерді шешуде батылдық дарыту және олардың бойына «қолымнан келеді» деген сенім ұялату. Мұғалімдіктің мәні - шәкірттің өзіңнен озып кеткенін көру және оның жетістігінен адами қуаныш табу.

- Оқушылардың математикаға қызығушылығын қалай арттырасыз?

- Математика - құрғақ формулалар жиынтығы емес, ол — тапқырлық пен шығармашылықтың мекені. Мен оқушыларды баурап алу үшін олимпиадалық негіздегі non-standard (стандартты емес) есептерді, логикалық тапсырмаларды көп қолданамын. Оқушы кезімдегі олимпиадалық тәжірибем мен құрастырған әдістемелік құралдарым бұл бағытта үлкен көмек береді.

Оқушыға есептің дайын жауабын ұсынбай, оны ізденіске бағыттаймын. Есепті өзі шығарып, жаңа бір формуланың сырын ашқан сәттегі баланың көзіндегі қуаныш оты - оның бұл пәнге деген өмірлік сүйіспеншілігін қалыптастырады. Математиканы жұмбақ шешу процесіне айналдырғанда, қызығушылық өздігінен оянады.

- «Бұл менің оқушым..» деп мақтанышпен айта алатын шәкірттеріңіз бар ма?

- Әрине, ұстаз абыройы - шәкірттің жетістігінде. Жылдар бойы олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындаған әрбір оқушым - мен үшін ерекше мақтаныш. Атап айтар болсам, екі жыл бұрын мектеп бітірген түлектерімнің арасынан жеті бірдей оқушым әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университетінің грант иегері атанды. Бүгінде сонда білім алып жатқан осы шәкірттерімнің әрбір жетістігін көргенде, кезінде жасаған еңбегім мен төккен терімнің еш кетпегенін сезініп, кеудемді мақтаныш кернейді. Солардың бірі Тахтанов Әліби мен Қуандық Нұрайымды ерекше сүйіспеншілікпен еске аламын. Олар олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары еді.

- Ұстаздар күні қарсаңында әріптестеріңізге және шәкірттеріңізге қандай тілек айтасыз? 

- Ардақты әріптестерім! Сіздерді кәсіби мерекеміз - Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір оқушының жүрегіне білім шырағын жағып жүрген сарқылмас төзімдеріңіз бен еңбектеріңізге бас иемін. Бойларыңыздан шығармашылық илхам, еңбектеріңізден береке арылмасын. Шәкірттеріңіз биіктен көрініп, еңбектеріңіздің заңғар жемісін көруді жазсын!

Сүйікті шәкірттерім! Ғылым жолы - ізденіс пен табандылықты талап ететін даңғыл жол. Математика сіздерге тек есеп шығаруды емес, өмірде кездесетін әрбір күрделі жағдаяттың дұрыс шешімін табуды үйретсін. Бойларыңыздағы арман-мақсаттарыңыз асқақ, бағындырар белестеріңіз биік болсын! Білімге деген құштарлықтарыңыз ешқашан сөнбесін, - дегім келеді.

- Сұхбатыңызға рақмет.