Криптовалютамен берілген несиені алғандар алаяқтарға ұрынған
Alemcredit.com арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеу деректеріне сәйкес, қарыз алушылар әлеуметтік желі арқылы белсенді тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен таратылған. Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электронды құжатқа қол қою талап етілген.
Алайда аталған мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссия мен өзге де төлем ретінде ұсталған.
Сондай-ақ мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.
Қаражат дропперлердің банк картасы арқылы қайтарылған.
Күдіктілерді тінту барысында жаппай SMS хабарлама таратуға қолданылған SIM бокстар мен көп мөлшерде SIM карта тәркіленді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Еске салсақ, соңғы уақытта интернетте өзін «емші», «көріпкел» немесе «балгер» ретінде таныстырып, азаматтарға «балаңыз қатты дуаланған» деп айтып, оны «емдеп, дуаны қайтаруды» ақылы түрде ұсынатын алаяқтық әрекеттер жиілеген.