«Сарайшық» ауданының тазалығына 600 жол жұмысшысы жауапты – Мақсат Саматұлы


Бұл туралы бүгін халықпен кездесу барысында «Сарайшық» ауданының әкімі Мақсат Саматұлы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ауданның санитарлық тазалығына 200-ден астам техника мен 600 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Қолайлы ауа райының басталуына байланысты қысқы кезеңнен кейін ауданды ретке келтіру бойынша жұмыстар белсенді басталып, оның ішінде жаяу жолдарды, қоршауларды, жарықтандыру тіректерін, аялдама кешендерін жөндеп, көпірлерді жуып, бұзылған абаттандыруды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деді әкім.
Соңғы жарты жыл ішінде тұрғындардың 5 мыңнан астам өтініші қаралған.
«Біз әрқашан кері байланысқа, ұсыныстар мен талқылауларға ашықпыз, жарты жыл ішінде тұрғындардың 5 мыңнан астам өтініші (іKomek, eotinish, БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) қаралып, 50 жиналыс пен халықпен кездесу, 10 жеке қабылдау өткізілді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен қалада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында белсенді жұмыс жүргізілуде. Келесі аптада, 26 сәуір күні, жалпықалалық сенбілік өтетін болады. Осыған орай, ауданның әр тұрғынын белсенділік танытып, аталмыш экоакцияға қатысуға шақырамын», - деді Мақсат Саматұлы.