Елордада білім беру саласының өкілдері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тәжірибе алмасты
![Салтанат Мұратқызы](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада білім беру саласының өкілдері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тәжірибе алмасты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17394371995508660.webp)
Қ. Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «Біртұтас тәрбие: ұлттық құндылықтар мен заманауи қоғам үндестігі» тақырыбында республикалық семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шараның мақсаты «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде құндылықтарды оқыту және тәрбие процесіне кіріктіру бойынша үздік тәжірибелерді тарату болатын.
Семинарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Әдістемелік орталықтары басшыларының орынбасарлары, әдіскерлері, мемлекеттік және жеке меншік білім беру ұйымдары мамандары қатысты.
«Бұрын «Тәрбие тұжырымдамасы» бойынша экологиялық, дене тәрбиесі, ұлттық тәрбие, адамгершілік тәрбие деп бөліп-бөліп қарастыратынбыз. Ал 2024-2025 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының жетекшілігімен каскаттық әдіс бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қайта жаңғыртылып, оқу-тәрбие процесіне қайта енгізілген болатын. Соған байланысты әр өңірдегі білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың басшылары, орынбасарлары және мамандары қажетті білім алған еді. Олар кейін өз өңіріндегі мамандарды оқытты. Осы процесті әрі қарай жалғастыру мақсатында және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде ұлттық құндылықтарды пәнге кіріктірудің тиімді жолдарын ұйымдастыру бойынша республикалық семинар өткізіп отырмыз. Семинарға әр өңірден 3 делегаттан келіп отыр, жалпы 60-қа жуық қатысушы бар», - деді Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Әмірғали.
Семинар аясында әр өңірден келген мамандар бағдарлама бойынша бірлесіп жұміс істеудің әдіс-тәсілдерін талқылау үшін педагогикалық хакатон өткізілді. Одан басқа «Ұлттық қасиеттер мен қоғамдық өркениет үйлесімі», «Құндылықпен бірге: қиындық, көзқарас, өзгеріс», «Оқушылардың жан-жақты дамуы: тәрбие мен білімнің үйлесімділігі», «Құндылықтарды оқыту процесіне кіріктіру: тәжірибе және тәсілдер», «Ата-ана және бала: үйлесімді қарым-қатынасқа қол жеткізу жолдары», «Тәрбие мен оқытуда құндылықтар жүйесін қалыптастырудың үздік тәжірибелері» тақырыптарында тәжірибелік алаңдар жұмысы ұйымдастырылатын болады.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – биылғы жылдың жаңалығы. Қазір барлық республикалық мектептерде осы бағдарлама бастау алып жатыр. Бүгінгі таңда осындай іс-тәжірибеге қатысып, «басқа білім беру мекемелері қандай іс-тәжірибе таратады екен, бағдарлама ұсынып отырған алты құндылық, алты жоба қандай бағытта дамытылып жатыр екен, бізге іліп алар не бар екен» - соны білуге келдік. Бүгін осы мектепке кіргеннен бері әсерім тамаша. Өйткені мектептің табалдырығынан бастап біртұтас тәрбиенің исі аңқып тұр. Жалпы, біз өзіміздің облысымызда да бағдарламаны жандандыруда ұлттық жобалар құрастырып жатырмыз. Бүгін соны әріптестерімізбен бөлісемін деген үміттемін. Бұл бағдарламаны іске асыру – барлығымыздың парызымыз», - деді Семей қаласы Инновациялық әдістемелік орталығының тәрбие бөлімінің басшысы Айдар Хамитов.
Аталған семинардан алған әсері туралы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданы Үстірт жалпы білім беретін мектеп директоры Сымбат Наурызбай да бөлісті.
«Бүгінгі республикалық семинарға Маңғыстау облысынан келіп тұрмын. Ауқымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оқу жылының басынан бастап елорда мектептерінде жүзеге асқан жұмыстар мен жетістіктер көрсетілді. Семинардан аларымыз көп, көрген-білген әсерімізбен өз өңіріміздегі мектептерде бөлісіп, насихаттайтын боламыз», - деді Сымбат Наурызбай.
Айта кетейік, семинардың келесі күні Qundylyq talks форматында пленарлық сессия жұмысы өтпек.