Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде 4,1 млн оқушы білім алады
Бүгін Қазақстан мектептерінде 2026-2027 оқу жылы басталды. Биыл елімізде 4,1 млн бала мектепте білім алады. Оның ішінде 380 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Ал 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшіп, мектептегі соңғы оқу жылына кірісіп отыр. Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламалары мен оқу үдерісіне бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Оқу-ағарту саласындағы негізгі жаңалықтардың бірі – білім беру бағдарламаларына жаңа міндетті курстардың қосылуы. Сонымен қатар мектептерде жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде пайдалану басталады. Бұл бағытта оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға және жаңа технологияларды білім алуда тиімді қолдануына басымдық беріледі.
Бастауыш сынып оқушылары үшін де бағалау жүйесінде өзгеріс болады. Жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталады.
Бірінші сыныпқа қабылданатын 380 мың баланың басым бөлігі халық саны жоғары және демографиялық өсімі байқалатын өңірлерге тиесілі. Атап айтқанда, Түркістан облысында 50 мыңнан астам, Алматы облысында 35 мыңнан астам бала алғаш рет мектепке барады. Астанада бірінші сыныпқа шамамен 33 мың, Алматыда 31 мыңнан астам, Шымкентте 29 мыңнан астам бала қабылданды.
Оқушы санының артуына байланысты мектеп инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның ішінде 2024 жылы 105, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді.
Жобаның нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі толық шешілді. Сонымен бірге 100-ден астам мектепте оқушы орындарының тапшылығы қысқарды. Жаңа мектептердің басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында салынды.
Ауылдық жерлердегі мектеп инфрақұрылымына да басымдық берілді. Жоба аясында ауылдарда жаңа форматтағы 84 мектеп бой көтеріп, 130 мыңнан астам балаға заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік жасалды. Жаңа мектептердің ауданы бұрынғы типтік жобалар бойынша салынған нысандардан орта есеппен 15-20 пайызға үлкен. Ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт еседен астам жоғары.
Астанада да жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілді. Елорда мектептерін қажетті оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету үшін 14 баспадан 1 млн 200 мыңнан астам оқулық пен оқу-әдістемелік кешен сатып алынды. Қазіргі таңда оқу әдебиеттері қалаға толық жеткізіліп, мектептерге таратылуда.
Білім беру жүйесіндегі өзгерістер мектеппен шектелмейді. Мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында қазірдің өзінде 1,1 млн ваучер берілген.
Колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша биыл 133 мың студент қабылдау жоспарланған. Оның 70 пайызы техникалық бағыттағы мамандарды даярлауға бөлінеді. Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға басымдық беріледі.
Осылайша, 2026–2027 оқу жылы білім беру бағдарламаларының жаңаруы, жасанды интеллект құралдарының оқу үдерісіне енгізілуі, мектеп инфрақұрылымының кеңеюі және техникалық мамандарды даярлауға бағытталған мемлекеттік тапсырыстың артуымен басталып отыр.