Ауыл мектебінің оқушысын Астананың жетекші педагогтері ЖИ платформасында оқытады
1 қыркүйектен бастап Қазақстанда ауылдық шағын жинақты мектептердің білім беру процесіне жасанды интеллекті енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаға Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Алғашқы сабақты ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. Жаслан Мәдиев ашты.
«Бүгін сіздер елімізде алғашқылар болып ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасының көмегімен оқуды бастап отырсыздар. Бұл – үлкен мүмкіндік. Алайда білім алудағы ең бастысы – сіздердің білуге деген құштарлығыңыз, еңбегіңіз және жаңа нәрсені үйренуге деген ынтаңыз. Оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тілеймін. Алда сіздерді көптеген қызықты жаңалықтар күтіп тұрғанына сенімдімін», – деді Жаслан Мәдиев.
Ауыл мектептерінің оқушыларына сабақтарды Астана қаласының жетекші педагогтері өткізеді. Ол үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының базасында арнайы студия жабдықталған. Мұғалім сабақты тікелей эфирде өткізіп, ауыл мектептерінің оқушылары оған цифрлық платформа арқылы қосылады. Мектептерде оқушыларға онлайн және офлайн оқытуды үйлестіре жүргізетін жергілікті педагогтер көмектеседі.

Платформа тікелей оқытуды, заманауи білім беру контентін және жасанды интеллект құралдарын біріктіреді.
Жобаны әзірлеу барысында жасанды интеллект саласындағы әлемдегі жетекші сарапшының бірі, доктор Кай-Фу Лидің ұсынымы ескерілді.
21-25 тамыз аралығында Астанада педагогтерге арналған бес күндік ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp тренингі өткізілді. Мұғалімдер жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу және бірлескен оқыту моделі бойынша дайындықтан өтті.
Жоба Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Q.AI және 01.AI компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылады. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша платформа оқыту нәтижелері педагогтер мен оқушылардың кері байланысы негізінде жетілдіріледі. Алдағы уақытта жобаны еліміздің басқа да өңірлері мен мектептеріне кеңейту жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, бүгін елімізде 8 мыңнан астам мектеп жаңа оқу жылын бастады.