Астанада Bala Fest-2026 ауқымды балалар фестивалі өтеді

Бүгін, 15:37
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада Bala Fest-2026 ауқымды балалар фестивалі өтеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

5 қыркүйекте Астанада Bala Fest-2026 ауқымды балалар фестивалі өтеді. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Нұра» ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мерекелік шара «Астана» саябағындағы Олимпиада сақиналары орналасқан алаңда ұйымдастырылады. Тіркеу сағат 14:00-де басталып, ресми ашылу рәсімі сағат 15:00-де өтеді.

Бағдарлама спорттық, танымдық, технологиялық және шығармашылық бағыттарды қамтиды. Жас қатысушылар VEX робототехникасы, робо-сумо және робофутбол бойынша шеберлік сабақтары мен сайыстарда бақ сынайды. Сондай-ақ асық ату, ерекше асық ойнау әдісі арқылы инклюзивті балаларға бейімделген бочча, ләңгі тебу, жерде сурет салу және басқа да қызықты ойындар қарастырылған.

Бұдан бөлек, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жол қозғалысы ережелерін сақтау, көшедегі қауіпсіздік пен жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – әр баланың қызығушылығы мен мүмкіндігін ескеретін орта қалыптастыру.

«Жаңа оқу жылының басталуына орай қолға алынған жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, спортқа, шығармашылыққа және заманауи технологияларға қызығушылығын арттыру. Ұлттық ойындарға да ерекше мән беріліп отыр. Сонымен қатар инклюзивті бағыттағы сайыстар енгізілді. Біз үшін әр баланың өз қабілетін байқап, ортақ мерекенің бір бөлігі екенін сезінуі маңызды», – дейді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.

Фестивальге 15 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Сайыстар қорытындысында үздіктер анықталып, дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Еске сала кетейік, елордалық балабақшада экологиялық эстафета өтті.