Ел өңірлерінде қысқы мал азығының 73%-ы дайындалды

Бүгін, 14:33
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ел өңірлерінде қысқы мал азығының 73%-ы дайындалды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өңірлерде мал азығын дайындау науқаны жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Облыс әкімдіктерінің жедел мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдағы қыс мезгілінде малды қорада ұстау кезеңіне қажетті 30,1 млн тонна мал азығын дайындады. Бұл жоспарланған көлемнің шамамен 73%-ын құрайды.

«Қазіргі уақытта 24,1 млн тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 94%-ына тең. Сонымен қатар 2,2 млн тонна пішендеме (жоспардың 96,2%-ы), 1,1 млн тонна құнарлы жем, 837,8 мың тонна сүрлем және 1,8 млн тонна сабан әзірленді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ қысқы кезеңде мал шаруашылығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және сақтандыру қорларын қалыптастыру мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна астық көлемінде жемшөп қорын жасақтады. Қажет болған жағдайда бұл қор ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөппен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, мал азығын дайындау науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Жүргізіліп жатқан мониторинг пен резервтердің уақтылы қалыптастырылуы мал шаруашылығы шаруашылықтарын қажетті жемшөп базасымен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы кезеңнен тұрақты өтуге бағытталған.

Еске салсақ, Қазақстан шаруаларына жаңа техника алуға 350 млрд теңге берілетінін жаздық