Балалар мектепке барды: «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге үндеу жасады

Бүгін, 13:55
Думан Аманжол Думан Аманжол
Балалар мектепке барды: «ҚазАвтоЖол» жүргізушілерге үндеу жасады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Оқу жылының басталуына байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

1 қыркүйекте мыңдаған бала мектепке жол тартады. Осыған байланысты жолдарда жас жаяу жүргіншілер саны артып, жүргізушілерден ерекше сақтық талап етіледі.

«Жүргізушілерге: мектеп маңында, аулаларда және жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты төмендетіңіз. Баланың жолға кенеттен шығып қалуы мүмкін екенін әрдайым ескеріңіз. Көлік жүргізу кезінде телефонға және назарды бөлетін басқа да дүниелерге алаңдамаңыз. Бірнеше секундтық абайсыздықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

Ата-аналарға: оқу жылы басталғанда балаңызбен бірге үйден мектепке дейінгі қауіпсіз бағытты тағы бір рет жүріп өтіңіз. Жол қозғалысының негізгі ережелерін еске салыңыз: жолды тек белгіленген жерден және бағдаршамның жасыл түсіне өту керек. Ең бастысы – көліктердің толық тоқтағанына көз жеткізгеннен кейін ғана жолға шығу қажет.

Қараңғы уақытта баланың жолда анық көрінуі үшін киіміне, аяқ киіміне немесе сөмкесіне жарық шағылыстыратын элементтер таққан жөн.

Мектепке апарар жолдың қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты. Әсіресе балалар жүрген жерде мұқият болайық» – деп үндеу жасады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

Еске салсақ, Астанада 33 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды.