Қазақстандық агромамандар Қытайда біліктілігін арттырады

Қазақстандық агромамандар Қытайда біліктілігін арттырады
Фото: АШМ

Қыркүйек айында Қытай Халық Республикасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің мамандарына арналған бірқатар оқыту семинары өтеді. Оқыту ҚР АШМ мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Бағдарлама алты бейінді оқу курсын қамтиды. Қазақстандық мамандар ауыл шаруашылығын цифрландыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жаңғырту, аграрлық саясатты әзірлеу және іске асыру, ауылдық аумақтарды дамыту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге инновацияларды енгізу бағыттарындағы Қытай тәжірибесін зерделейді.

Оқу бағдарламасының жекелеген бағыттары шөлейттенуге қарсы күрес және экологиялық егіншілік, құс шаруашылығын жаңғырту, ветеринариялық бақылау және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ сорттарды сынақтан өткізу мәселелеріне арналған.

Қазақстандық делегация құрамында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі салалық департаменттердің жас сарапшылары, сондай-ақ Алматы қаласы мен Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы АӨК-дегі мемлекеттік инспекциялар комитетінің аумақтық инспекцияларының мамандары бар.

«Біз үшін халықаралық ынтымақтастықтың нақты тәжірибесі болуы маңызды. ҚХР ауыл шаруашылығын цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу, ветеринариялық бақылау және қайта өңдеу салаларын дамыту бағыттарында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Мамандарымыздың міндеті – осы шешімдерді зерделеп, саламыз бен өңірлеріміздің ерекшеліктерін ескере отырып, олардың қайсысын Қазақстанда тиімді қолдануға болатынын анықтау», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысы Сергей Ли.

Бағдарлама аясында екі ел мамандары арасында тәжірибе алмасуға ерекше мән беріледі. Қатысушылар аграрлық өндірісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерімен, мемлекеттік реттеу және бақылау тетіктерімен танысып, сондай-ақ қытайлық әріптестерімен АӨК-ті дамытудың өзекті мәселелерін талқылай алады.

Оқытуға байланысты барлық шығын ҚХР Коммерция министрлігі тарапынан өтеледі.