Мектеп жауапкершілігі жоғары, адал азамат қалыптастыруы қажет - Жанар Ермұхамбетова

Мектеп жауапкершілігі жоғары, адал азамат қалыптастыруы қажет - Жанар Ермұхамбетова
Фото: Жанар Ермұхамбетованың жеке архивінен

Астана қаласындағы №109 жалпы орта білім беретін мектеп жаңа оқу жылын білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және заманауи технологияларды оқу үдерісіне тиімді енгізу міндеттерімен бастамақ. Мектеп директоры Жанар Ермұхамбетованың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясында білім саласына қатысты айқындаған басымдықтары мектеп ұжымының алдағы жұмысына негізгі бағдар болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бүгінде білім беру жүйесіне қойылатын талап өзгеріп келеді. Қазіргі мектептің міндеті – балаға тек білім беру емес, оның алған білімін өмірде қолдануына, өздігінен ізденуіне, талдауына және шығармашылық тұрғыдан ойлауына жағдай жасау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз конференциясында «Келешек мектептерінің» алдында нақты міндеттер тұрғанын атап өтті. Алдағы үш жылда бұл мектептер озық педагогикалық тәжірибелер мен инновациялық шешімдер сынақтан өтетін орталықтарға айналуы керек.

Бұл талап бізге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі жаңа мектептің артықшылығы тек оның инфрақұрылымында емес, сол мүмкіндіктерді білім сапасын арттыруға қаншалықты тиімді пайдалана алатынымызда. Сондықтан біздің негізгі мақсатымыз – заманауи білім беру ортасын қалыптастырып қана қоймай, оның нақты нәтижесін көрсету», – деді мектеп директоры.

Мектеп басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында оқушылардың функционалдық және зерттеушілік сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте STEAM тәсілдерін, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне орынды енгізу көзделіп отыр.

«Қазір оқушыға ақпараттың көп болуы жеткіліксіз. Ең маңыздысы – сол ақпаратты саралап, дұрыс қорытынды жасай білуі. Сондықтан функционалдық сауаттылықты дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Оқушының зерттеу жүргізуіне, сұрақ қоюына, мәселені шешудің жолын өздігінен іздеуіне мүмкіндік беруіміз қажет. Осы тұрғыдан STEAM, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндігі зор.

Бірақ технология мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, педагогтің жұмысын жаңа деңгейге көтеруі керек. Сондықтан біз үшін цифрландырудың мақсаты – заманауи құралды қолданудың өзі емес, оны оқушының білім сапасына әсер ететін тиімді әдіске айналдыру», – деді ол.

Осы орайда мектепте педагогтердің кәсіби дамуына да басымдық берілмек. Ұстаздардың жаңа әдістемелерді меңгеруі, зерттеушілік мәдениетін қалыптастыруы және тәжірибе алмасуы білім сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады.

«Мектептің жетістігі ең алдымен мұғалімнің кәсіби деңгейіне байланысты. Сондықтан педагогтің ізденуіне, тәжірибе жасауына, өз тәжірибесін зерттеуіне жағдай жасауымыз керек.

Халықаралық тәжірибені де осы мақсатта қарастырамыз. Біз үшін оны сырттай бақылап қою маңызды емес. Тиімді тұстарын алып, мектеп жағдайына бейімдеп, нақты нәтижеге айналдыру маңызды», – деді Жанар Ермұхамбетова.

Мектеп директоры білім мен тәрбиені қатар алып жүру де жаңа оқу жылындағы негізгі бағыттардың бірі болатынын атап өтті. Оның сөзінше, заманауи мектептің нәтижесі оқушының академиялық көрсеткішімен ғана өлшенбеуі керек.

«Мектептің басты нәтижесі – білімді ғана емес, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, адал азамат қалыптастыру.

Мемлекет басшысы білім сапасымен қатар тәрбие мәселесіне де ерекше мән беріп отыр. «Адал азамат» тұтас тәрбие бағыты мен «Заң және тәртіп» қағидаты осы міндетпен тікелей сабақтас.

Бала өз құқығы мен міндетін білуі, заңды құрметтеуі, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінуі керек. Мұндай құндылықтар бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан тәрбие жұмысы мектеп өмірінің барлық бағытымен бірге жүруі қажет», – деді ол.

2026–2027 оқу жылында №109 мектепте 2 мыңға жуық оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Оқушы санының өсуі мектеп ұжымына білім сапасын сақтап қана қоймай, оны одан әрі арттыру міндетін жүктейді.

Осыған байланысты жаңа оқу жылында мектеп оқушылардың функционалдық және зерттеушілік сауаттылығын дамытуға, дарынды балаларды қолдауға, ғылыми жобалар мен пәндік бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға басымдық бермек.

«Біз үшін жаңа оқу жылы – өткен нәтижені қайталау емес, жаңа деңгейге шығу кезеңі. Басты міндетіміз – әр балаға өз қабілетін ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.

«Келешек мектебі» деген ұғымды біз ең алдымен оның ғимаратымен емес, ішіндегі білім беру мәдениетімен байланыстырамыз. Мұнда заманауи технология да, мықты педагог те, сапалы білім де, дұрыс тәрбие де қатар жүруі керек.

Сондықтан алдағы мақсатымыз – заманауи мүмкіндіктерді нақты білім нәтижесіне айналдырып, білімді, ойлай алатын, еңбекқор әрі жауапты ұрпақ тәрбиелейтін мектеп қалыптастыру», – деді Жанар Ермұхамбетова.