«Астана Опера» жаңа маусымды «Абай» операсымен ашады
4-5 қыркүйек күндері «Астана Опера» XIV театр маусымын Мұхтар Әуезовтің либреттосына Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашады. Композиторлардың 120 жылдық мерейтойларына орай ұсынылатын спектакльдің екі күнінде де опера труппасының дарынды солистерінің маңызды дебюттері орындалады деп күтілуде. Дирижер тұғырында Ахмет Жұбановтың шөбересі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, маэстро Алан Бөрібаев өнер көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғаш рет Абайдың басты партиясын орындауға дайындалып жатқан жетекші солист Талғат Ғалеев бұл бейне өзінің шығармашылық жолындағы ең биік асулардың біріне айналатынын атап өтті.
«Абайдың партиясын орындау – еліміздегі баритон дауысты әрбір опера әншісінің арманы. «Абай» операсы – ұлттық музыка өнерінің шыңы болса, Абайдың бейнесі – парасаттылық пен даналықтың, қайсарлық пен терең философияның жиынтығы. Сондықтан репертуарыма осы партияның қосылуы өнердегі толысу кезеңім деп айта аламын. Қазір мен осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемді, ішкі толғанысым мен дауыс мүмкіндігімді осы рөлге салуға тырысып жатырмын. Абайдың әрбір ариясын, әрбір сөзін көрерменге жеткізу вокалдық шеберлікті ғана емес, ең алдымен жүрекпен сезінуді талап етеді. Абайдың әлемін және қазақ халқының философиясын көрсетуге үлес қосуға бар күшімді саламын», - деп пікірімен бөлісті Талғат Ғалеев.

Барлық орындаушы секілді тенор Артур Ғабдиев те көрермендермен жаңа театр маусымында кездесетін сәтті асыға күтуде. Солист жазғы демалыс кезінде Қостанайдағы Жастар сарайында өнер көрсетіп, онда Абай Құнанбайұлының әндерінен поппури орындағанын айтты.
«Опера әншілерінің басты құралы дауыс болғаннан кейін басқалар сияқты бізге ұзақ демалуға болмайды. Мәселен мен бес күн демалсам, тағы сонша күн дайындалуым керек. Сол үшін демалыс кезінде де күніне аз дегенде бір сағат дауысымды жаттықтырып отырдым. Қазір біз труппамызбен жаңа театр маусымының ашылуына қызу дайындық үстіндеміз», - деді әнші.
Сондай-ақ Артур Ғабдиев «Астана Операда» театр маусымын «Абай» операсымен ашу бұрыннан игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Осыған дейін спектакльде бірнеше жыл Местің, Нарымбеттің партияларын сәтті орындап келген әртіске алғаш рет Айдардың партиясы сеніп тапсырылуы оның операны жаңаша қырынан тануына ықпал еткен.
«Айдар – қазақ операларының ішінде тенорлардың ең жақсы көретін партияларының бірі. Батыс әдебиеті мен мәдениетінде шынайы махаббаттың үлгісі Ромео мен Джульетта болса, ал біздің дүниетанымымызда Айдар мен Ажар бейнелері махаббаттың биік символы саналады. Бұған қоса, операда Айдар Абайдың ең жақсы көретін шәкірттерінің бірі ретінде көрсетіледі. Менің кейіпкерім шыншылдығымен, әрдайым әділдік үшін күресуімен, адалдығымен өзінің ұстазына қатты ұқсайды. Сахнада махаббат үшін күрескен кейіпкерімнің барлық болмысын, оның бойындағы өр рухты, жастық жалынды барынша ашып көрсетуге тырысамын. Партияны тереңірек зерттеу мақсатында архивтегі 80-90-шы жылдардағы бейнежазбаларды қарап, әйгілі опера әншілерінің орындауынан өзіме кәсіби өнеге алудамын. Бұл маған Айдар бейнесінің ішкі иірімдері мен эмоциялық тереңдігін түсінуге көмектесуде. Көрермендер алдағы өнер көрсетуімізден мол рухани азық алады деген сенімдемін», - деп әңгімеледі Артур Ғабдиев.
Қойылым күндері спектакль кейіпкерлерінің бейнелерін театрдың опера труппасының жарқын солистері жүзеге асырады. Сонымен, театр маусымы ашылатын күні Абайдың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев орындайды. Ал келесі күні бұл бейнеде Талғат Ғалеевтің дебюті орын алады деп күтілуде. Айдардың партиясын орындау Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапинге және Артур Ғабдиевке (дебют) сеніп тапсырылды. Ал оның ғашығы Ажардың рөлінде 4 қыркүйекте алғаш рет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ сахнаға шығатынын ерекше атап өтуіміз керек. Келесі күні бұл кейіпкерді Назым Сағынтай сомдайды. Сондай-ақ спектакльге Алтынбек Әбілда (Жиренше), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова (Қарлығаш), Бейімбет Таңарықов (Әзім), Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан (Сырттан), Сұлтан Бақытжан (Көкбай), Рамзат Балакишиев (Нарымбет), Әлихан Зейнолла (Мес) қатысады.
Спектакльдің басталуы: 4 қыркүйек 19.00-де, 5 қыркүйек 17.00-де.

