Жан-жақты тұлғаның негізі мектеп қабырғасында қаланады - Зәмзагүл Қиянова

Бүгін, 11:03
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жан-жақты тұлғаның негізі мектеп қабырғасында қаланады -  Зәмзагүл Қиянова
Фото: Замзагүл Қиянованың жеке архивінен

Астана қаласы №97 мектеп-гимназия директоры Зәмзагүл Қиянова 1 қыркүйек – жаңа оқу жылы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясының пленарлық отырысында көтерген мәселелері барлық білім ұжымы үшін басты бағдар болатынын айта келе, ел ұстаздары жаңа 2026-2027 оқу жылын осы үдеден шығу үшін үлкен шабытпен, шығармашылық ізденіспен және жаңа мақсаттармен іске кірісетіндерін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бүгінгі таңда мемлекетімізде білім мен тәрбие саласына ерекше мән беріліп, жас ұрпақтың сапалы білім алуына, ұлттық құндылықты бойына сіңіруіне және жауапты азамат болып қалыптасуына бағытталған маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Өйткені қазіргі қоғамның ең маңызды мәселенің бірі – білімді ғана емес, тәрбиелі, адал, заңды құрметтейтін, ойлай алатын азамат қалыптастыру. Ал мұндай тұлғаның негізі мектеп қабырғасында қаланады.

Осы бағытта кітап оқитын ұлт қалыптастыруға бағытталған ұлттық бастаманың маңызы ерекше. Кітап – адамның ойлау мәдениетін қалыптастыратын, сөздік қорын байытатын, дүниетанымын кеңейтетін үлкен құрал. Бүгінгі интернет пен телефонға тәуелділік күшейген заманда баланы кітапқа жақындату – аса маңызды міндет.

Сондықтан біздің мектебімізде жаңа оқу жылын жаңадан жасақталған, заманауи форматтағы кітапхананың ашылуымен қарсы алып отырмыз. Бұл жай ғана кітапхана емес, балалар кітап оқитын, пікір алмасатын, ойланатын, шығармашылықпен айналысатын ерекше орта болады.

Біздің мақсатымыз – кітап оқитын оқушы ғана емес, кітап оқитын ұстаз, кітап оқитын ата-ана қалыптастыру. Осы үш тарап бірігіп жұмыс істегенде ғана оқу мәдениеті берік қалыптасады», - деді ол.

Мектеп директоры, сонымен қатар, педагогке деген қолдау да жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын, мұғалімді артық қағазбастылықтан арылтып, оның баламен жұмыс істеуге, баланың білім сапасына және тұлғалық дамуына басымдық беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты

«Тәрбие мәселесінде де жаңа міндеттер қойылып отыр. «Адал азамат» тұтас тәрбие бағыты, «Заң және тәртіп» қағидаты, құқықтық және конституциялық білім беру – жас ұрпақтың заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін азамат болып қалыптасуына негіз болады. 

Біздің мектеп үшін бұл бағыттар бұрыннан маңызды. Бүгінде мектебімізде 3 мыңға жуық бала білім алуда. Сондықтан біз үшін ең бірінші орында – әр баланың қауіпсіздігі, сапалы білімі, дұрыс тәрбиесі және болашаққа нақты бағыты.

Гимназия мектебі ретінде гуманитарлық бағытқа, әсіресе тарих, құқық, тіл және тұлғалық даму бағыттарына ерекше басымдық береміз.

Мектебімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Әділет» жобасы жүзеге асырылуда. Ал ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіруге бағытталған ZEREK сыныптарында оқушылар ұлттық дәстүрді меңгеріп, домбыра тартып, шахмат ойнап, ұлттық дүниетанымды тереңірек танып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы тек қазақ баласына ғана емес, Қазақстанда білім алып жатқан әрбір балаға ортақ құндылық – білімді, тәрбиелі, адал және жауапты азамат қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесінде мектептер саны артып, материалдық база нығайып, заманауи кабинеттер жасақталып, педагогтердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыс жүргізілуде.

Осының бәрі бізге үлкен мүмкіндік береді», - деді Зәмзагүл Қиянова