Астанада бірінші сыныпқа ерекше білім беру қажеттілігі бар 1,5 мыңға жуық бала барды
Астанада жаңа 2026-2027 оқу жылында бірінші сыныпқа ерекше білім беру қажеттілігі бар 1,5 мыңға жуық бала қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Биыл елордадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. 33 мыңға жуық бала биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Астанада инклюзивті білім беруді дамыту және ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасты. Орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті оқытумен қамтылған.

Бүгінде қала мектептерінде инклюзияны қолдауға арналған 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 осындай кабинетті ашу жоспарланып отыр. Бұл кабинеттерде балаларға қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп, олардың жеке қажеттілігін ескере отырып білім алуына жағдай жасалады.
Инклюзивті ортаны дамыту балалардың қатарластарымен бірге білім алуына және қажетті қолдауды тікелей мектептен алуына мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылына дайындық барысында барлық оқушыға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, елордадағы 38 білім беру ұйымында жөндеу жүргізілді.

Еске сала кетсек, тамыз айында елордада инклюзия мен әлеуметтік қорғауды дамыту мәселелері талқыланды