Елімізде теміржол маңында мал жайған 1 364 азамат жауапкершілікке тартылды
Биыл елімізде теміржол жиегінде мал жайған 1 364 азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлытау облысындағы Атасу – 117 РЗД учаскесінде Қарағанды – Маңғыстау бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржолда үй малдары жүргендіктен шұғыл тежелуге мәжбүр болды. Алайда арақашықтықтың аздығына байланысты соқтығысудың алдын алу мүмкін болмай, пойыз үш жылқыны қағып кетті.
Жоспардан тыс аялдама 14 минутты құрады.
Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барсында мал иесі, Ұлытау облысының 45 жастағы тұрғыны анықталды. Ол теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Көлік полициясы пойыздарда шұғыл тежеуді қолдану қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін еске салады. Сонымен қатар бұл жолаушылар мен пойыз бригадасы мүшелерінің жарақат алу қаупін арттырады. Осыған сәйкес жеке шаруа қожалықтарының иелеріне малды теміржолдың бөлінген жолағында жаюға жол бермеу және оларды қараусыз қалдырмау ескертіледі.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздарды шұғыл тежеуге қатысты 930 факт тіркелген, олардың 474-і теміржол бойында төрт түліктің болуына байланысты болған.
Еске сала кетейік, Алматы – Қорғас тасжолында шанағы көтерілген жүк көлігі бақылау аркасын зақымдады.