Гүлнұр Айтимова: Білім сапасы – ел болашағының негізі

Бүгін, 10:24
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Гүлнұр Айтимова: Білім сапасы – ел болашағының негізі
Фото: Гүлнұр Айтимова

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзі білім беру саласының жаңа міндеттері мен басымдықтарын айқындады. Президенттің білім сапасын арттыру, мұғалімнің кәсіби әлеуетін қолдау, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды тиімді пайдалану туралы ойлары бүгінгі мектеп үшін аса маңызды. Астана қаласы №61 мектеп-лицей директоры Гүлнұр Айтимова Мемлекет басшысы көтерген мәселелерді қолдайтынын айта отырып, жаңа оқу жылында білім беру ұйымы алға қойған мақсаттармен таныстырып өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейде 1282 оқушы білім алады. Жаңа оқу жылынан бастап біз білім алушылардың ғылыми-техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында робототехника мен STEM бағыттарын жүйелі түрде дамытуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына «Шахмат» білім беру курсын енгізу арқылы олардың логикалық ойлау, зейін қою, стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мән береміз. Жаратылыстану пәндерін оқытуда Syberpak.ai құралдарын пайдаланып, оқушылардың зерттеушілік қызығушылығын арттыруды көздеп отырмыз», - деді ол.

Мектеп директоры бұл тұрғыда білім беру ұйымының алға қойған мақсаты Президенттің білім саласына қойған міндеттерімен үндесетінін айтты.

«Меніңше, қазіргі мектептің міндеті - оқушыға тек білім беру емес, оны өздігінен ойлайтын, зерттейтін, технологияны меңгерген, жаңашыл әрі жауапты тұлға етіп қалыптастыру. Президенттің білім саласына қойған міндеттері осы мақсатпен толық үндеседі.

Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын мектеп ретінде біз ғылымға қызығатын, білімге құштар, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесімізді қосуға ұмтыламыз», - деді Гүлнұр Айтимова.