Астаналық студенттер ұлттық құрылтайдың маңыздылығын талқылады

31 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық студенттер ұлттық құрылтайдың маңыздылығын талқылады
Фото: Василий Крась

Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев Астана қалалық Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде студенттермен кездесті. Жиынға қатысушылар Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген мәселелерді талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында спикер Ұлттық құрылтайдың қоғам мен мемлекет арасындағы негізгі диалог алаңы ретіндегі маңыздылығына тоқталды.

«Ұлттық құрылтай – ел дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғам қайраткерлерінің, жастардың және сарапшылардың басын қосатын маңызды бастама, оның мақсаты – әділетті әлеуметтік саясатты қалыптастыру, азаматтық бастамаларды қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру», – деді Аян Сәлімгереев.

Жұмысшы мамандықтар жылына және оның жастар үшін ашатын перспективаларына ерекше назар аударылды. Спикер жұмысшы мамандықтардың түлектеріне мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары ұсынылатынын атап өтті.

«Бүгінде мемлекет жұмысшы мамандықтарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Жастар үшін, әсіресе колледж түлектері үшін бизнес ашуға, жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларына, еліміздің жетекші кәсіпорындарында тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға гранттар қарастырылған. Бұл мүмкіндіктерді пайдаланып, алға жылжу маңызды», - деп қосты ол.