Астанада Жаңа жылға арналған мерекелік концерттер өтті
Бүгін Астананың бес жерінде қазақ эстрадасының жұлдыздары мен шығармашылық топтарының қатысуымен жаңа жылдық концерттер өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астананың алты ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, безендірілген шыршалар, жаңа жылдық жәрмеңкелер, шағын архитектуралық формалар, концерттік бағдарламалар, фотоаймақтар және т.б. қазірдің өзінде қала тұрғындарының қуанышына айналып үлгерді.
«Алматы» ауданында Тәуелсіздік даңғылындағы Оқушылар сарайының аумағында сағат 12.00-де басталып, 13.30-ға дейін қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтті.
Сахнада Бибігүл Ысқақова, Қайрат Баекенов, Нұрбол Балапанов, «Айлин» триосы, барабаншылар шоуы, т.б. өнер көрсетті.
«Нұра» ауданындағы Орталық саябақта мерекелік шаралар сағат 12.00-де басталып, 13.30-ға дейін жалғасты. Сахнада қазақ эстрадасының жұлдыздары – DOS, Маржан Арапбаева, Бауыржан Исаев, Құрмаш Махан, Досымжан Таңатаров және т.б. өнер көрсетті.
«Байқоңыр» ауданында да концерттік бағдарлама сағат 12.00-ден 13.30-ға дейін өтті. Онда Құрмаш Махан, Қайрат Баекенов, Медет және Клара Салықовтар, Алтыншаш Мұқатаева және тағы басқалар жұрт алдында өнер көрсетті.
«Сарыарқа» ауданындағы «Көктал» саябағында сағат 12.00-ден бастап сахна төрінде Ернар Жұматай, Қанат Үмбетов, «Кәусар» триосы, Бауыржан Исаев және т.б. ән салды. Концерттік бағдарлама 13.30-ға дейін жалғасты.
«Сарайшық» ауданындағы «Промышленный» тұрғын алабында жаңа жылдық бағдарлама сағат 13.00-де басталып, 14.30-ға дейін жалғасты. Сахнада Маржан Арапбаева, Бибігүл Ысқақова, «Айлин» триосы, Бейбіт Қорған және т.б. өнер көрсетті.
Жаңа жыл қарсаңында, нақтырақ айтқанда 31 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығында қаланың үш орнында мерекелік шаралар өтеді.
31 желтоқсан күні сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін қалалық алаңда (қала әкімдігінің алдында), «Қазақ елі» монументі маңында және ЭКСПО аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа жылдық мерекелік концерттер өтеді.