Астана қаласы мәслихатында автомобиль жолдары саласындағы жөндеу жұмыстарының барысы талқыланды


Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабден өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Өткен жылы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы ұзындығы 13 км болатын 38 нысан іске қосылды. Акт бойынша пайдалануға берілген көшелер қатарында: 24, 26, Т6, Е464, Е251, Көктал, Е103 (Ипподром), Еңбекшілер, арнайы трасса, сондай-ақ Тәуелсіздік көпірі, Алаш тас жолындағы көпір және қоршау құрылыстары бар. Биыл 43 нысанның құрылысы жоспарланып отыр, оның ішінде көліктік жолайрықтар, автомобиль жолдары және тиісті инфрақұрылым қарастырылған. Сондай-ақ, ұзындығы 72 км болатын 59 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, 26 жаңа бағдаршам нысанын орнату жоспарланған», - деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы.
Жиын қорытындысы бойынша жол сапасына, жарықтандыруға ерекше назар аудару, алдағы маусымда электросамокаттар мен велосипедтерге арналған тұрақтарды реттеу, сондай-ақ апат жиі болатын орындарда және шын мәнінде қажетті жерлерде бағдаршамдар орнату бойынша нақты тапсырмалар берілді.



