00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қазанда инфляцияның айлық деңгейі 0,9% құрады

5 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Қазанда инфляцияның айлық деңгейі 0,9% құрады
фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық статистика бюросы қазан айындағы инфляция деңгейі мен бағаларға қатысты деректерді жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазанда айлық инфляция деңгейі үдей түсіп, 0,9% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы – 1,4%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 1%, азық-түлік тауарлары 0,4% жоғарылады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 25%, су бұруға – 5,3%, тұрғын үйді күтіп ұстауға – 1%, электр энергиясына, ыстық суға 0,6%-дан жоғарылады. Теміржолмен жолаушылау қызметі – 13%, ұялы байланыс қызметі 5% қымбаттады.

«Азық-түлікке жатпайтын тауарлар ішінде қазан айында отын бағасы өсті – 4,7%, тас көмір – 1,1%. Тұрмыстық техника – 2,6%, киім мен аяқ-киім – 0,9%, құрылыс материалдары мен жеке пайдаланылатын тауарлар 0,4%-дан қымбаттады. Азық-түліктен қияр бағасы 9,7%, қызанақ – 8,6% , лимон – 7%, апельсин – 6,7%, тұз – 6,5%, жұмыртқа – 3,2%, күнбағыс майы 2,4% өсті. Бағаның төмендеуі сәбізге – 10%, жүзімге – 5,7%, алмаға – 3,4%, қызылшаға – 3,2%, пиязға – 2,8%, картопқа 2,1% байқалды», - делінген хабарламада.

Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Алматы қаласында – 1,7% , ең төменгі – Павлодар облысында және Астана қаласында 0,4%-дан тіркелді.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Алматы облысында – 0,8%, азық-түлік емес тауарларына – Ұлытау, Абай облыстарында 1,7%-дан, ақылы қызметтерге – Алматы қаласында 3,6% өсті.