«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
Қазақстандықтар үшін әлемнің үздік университеттері мен ғылыми орталықтарына жол ашатын «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша конкурс өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 184 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Оның ішінде 137 азамат магистратура бағдарламасы бойынша, 10 азамат докторантура бағдарламасы бойынша білім алатын болса, 37 маман кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 51 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Республикалық комиссияның отырысында «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавр дәрежесін алуға үміткерлерге арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының және халықаралық орындаушылар конкурстарының тізбесі бірқатар халықаралық орындаушылар конкурстарымен толықтырылды. Сонымен қатар, бағдарлама тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар мәселе қаралды.
Грант иегерлерінің тізімі Халықаралық бағдарламалар орталығының сайтында жарияланды