Астанада ақпарат саласының қызметкерлеріне награда табыстау рәсімі өтті

Астанада ақпарат саласының қызметкерлеріне награда табыстау рәсімі өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ақпарат саласын дамытуға елеулі үлес қосқан журналистер, редакторлар, продюсерлер, тележүргізушілер, фототілшілермен отандық журналистиканың ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды., деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Сала үздіктерінің бірқатарына награданы Мемлекет басшысы жеке өзі табыстады. Сондай-ақ ҚР Президентінің атынан БАҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.

Сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтірді.

«Бүгін Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлері мен жас журналистерге мемлекеттік наградаларды табыстады. Осы орайда Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен бір үзінді келтіргім келеді. Бұл сөздер бүкіл медиа саласының еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. 

«Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы. Шын мәнінде, кейінгі жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған рөлі айрықша болды. Мемлекеттік бастамалардың, бағдарламалармен арнайы жобалардың табысты іске асуы көп жағдайда қоғамның қолдауына байланысты. Ал сіздер мемлекет пен қоғамды, билік пен халықты жалғаған алтын көпір ретінде аса маңызды миссияны атқарып келесіздер», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бүгінде Қазақстанның медиа саласы елдегі маңызды қоғамдық институттың біріне айналды. Республикада 5 303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 181 мерзімді баспасөз басылымы, 253 телеарна, 97 радиостанция, сондай-ақ 1 457 ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар.

Кәсіби мерекеге орай сала қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар медиа саласының өкіліне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.